
Бұл шара еліміздің қауіпсіздік саласындағы кәсіби журналистерді, мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың өкілдерін, сондай-ақ ақпараттық кеңістік пен онлайн-қоғамдастық мамандарын бір арнаға жинап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Семинарға қатысушылар арасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан мен Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті БАҚ-пен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Эрик Мусин арнайы құттықтау сөздерімен шықты. Олардың сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық өмірдегі маңыздылығы мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы рөлі ерекше аталып өтті.
Кездесу бағдарламасында журналистер үшін бірнеше өзекті тақырыптар қарастырылды. Атап айтқанда, «Төтенше жағдайлар кезіндегі ТЖМ мен БАҚ өкілдерінің іс-қимылдарын үйлестіру және ақпараттық өзара іс-қимылы», «Төтенше жағдайларға ден қоюда ақпараттық жүйелерді қолданудың өзекті тәсілдері», «Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда күрес жүргізудің гибридті әдістері» және «Медиагигиена мемлекеттік міндет ретінде: жеке дағдыдан тұрақтылық инфрақұрылымына дейін» тақырыптарында дәрістер оқылды. Бұл дәрістер ақпараттық алаңда заманауи қауіптерге тиімді жауап беру мен бұқаралық коммуникацияларды жетілдіруге бағытталған.
Семинар барысында табиғи төтенше жағдайлар кезіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де кеңінен талқыланды. Жаппай су тасқыны, жойқын жер сілкінісі сияқты апатты оқиғалар қоғам үшін аса қауіпті, сондықтан мұндай жағдайларда халықты сенімді әрі дәлелді ақпаратпен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие. Қоғамның барлық институттарының үйлесімді жұмысы қажет болған сәтте, БАҚ халық пен мемлекеттік қызметтер арасындағы өзара байланысты сақтай отырып, дүрбелеңнің алдын алуға септігін тигізеді. Бұл ақпараттық ашықтық пен сенімділіктің маңызды кепілі.
Сонымен қатар, қарулы қақтығыс аймақтарында жұмыс істейтін журналистердің кәсіби және құқықтық ерекшеліктері туралы да ақпарат берілді. Халықаралық гуманитарлық заңға сәйкес, мұндай аймақтарда БАҚ өкілдері азаматтық мәртебеге ие болып, шабуылдар мен зорлық-зомбылықтан қорғалуы тиіс. Дегенмен, егер журналист қарулы құраманың құрамына кіріп, қару ұстаса немесе әскери нысандарға жақын орналасса, ол бұл мәртебесін жоғалтып, қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін. Бұл мәселе қатысушылар арасында кең талқылау туғызды.
Дәрістерден кейін өткен сұрақ-жауап сессиясы семинарға қатысушылардың қызығушылығын арттырып, өзекті мәселелер бойынша толық түсінік алуға мүмкіндік берді. Бұл формат қатысушылардың тәжірибе алмасуына және кәсіби байланыстарды нығайтуға ықпал етті.
Семинардың соңында барлық қатысушыларға кәсіби деңгейін растайтын сертификаттар табысталды. Бұл оқиға әскери журналистиканың маңыздылығын айқындап, дағдарыстық коммуникацияларды дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай бірлескен іс-шаралар ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.