#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Жұмыспен қамтуға арналған «Jobfair365» жұмыспен қамту платформасымен жұмыс істеуде

2025 жылға дейін жыл сайын­ кемінде 10 мың жасты жұмыс­қа­ орналастыру көзделген. Алматы қаласы Жастар саясаты­ басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Әзиз Қажденбек ол үшін ведомство үш нақты бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Алматы тұрғындарының 32 пайызы жастар. Біз айтып отырған 14 пен 35 жас аралығындағы 682 мыңнан астам азаматтың 421,6 мыңы жұмыс істейді, 277 мыңы – ЖОО мен колледж студенті (150 мыңға жуығы тіркелмеген), 81 мыңы – жоғары сынып оқушысы болса, 47,8 мыңы NEET санатындағы жастар.

Бұл – оқы­ту және жұмысқа орналас­тыру, арнайы инфрақұрылым құру, сондай-ақ NEET жастарды мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға тарту. Осы бағытта арнайы жол карта әзірленген.

«Біз жоғары оқу орындарын, колледждерді және ірі компа­нияларды тарта отырып, жаңа кешенді тәсілді қолдандық. «ХедХантер.kz», «ОЛХ.kz», «Найми.kz» платформа дерек­те­рін талдау негізінде өзекті маман­­дықтар бойынша қысқа мер­зімді 30 оқыту курсы іске қосыл­ды. Олар сату жөніндегі менед­жер, мобилограф, SMM-менед­жер, графикалық дизайнер, таргетолог, гид, курьер және басқа да салалар. «Бір терезе» қағидаты бойынша қысқа мер­зім­ді оқыту орталығын құру жас­тарға бюрократиялық сатылардан өтуді жеңілдетіп, жұмысқа орналасқандардың үле­сін арттыруға мүмкіндік беріп отыр», дейді Ә.Қажденбек.

Басқарма берген мәліметке сенсек, жыл басынан бері арнайы курстан өткен 6 мың жастың 4,2 мыңы жұмысқа орналасып, бірқатары тағылымдамадан өтіп жатыр. Ал 2 мыңнан астам азамат әлі де жұмыссыздар санатында. Биылғы қазан айының екінші онкүндігінде өзекті мамандықтар бойынша қосымша 10 курс іске қосылып, онда шамамен 3 мың жас шеберліктерін шыңдамақ.

Мамандар оқыту курстарын цифр­ландыру жұмыстары іске аса бастағанын айтады. Жыл соңы­на дейін барлық курстардан онлайн өту мүмкіндігі тумақ. Бұл өз кезегінде алдағы жылдары жас­тарды оқытуға бюджет қара­жатын үнемдеуге септігін тигізбек.

Тағы бір жаңашылдық – «Jobfair365» жұмыспен қамту платформасымен бірлесіп «Jasalmaty.kz» порталын құру. Платформаның басқа ұқсас құралдардан ерекшелігі – ақысыз негізде жұмыс іздеп, сертификат алу арқылы қысқа мерзімді курстардан өтуге болады. Бірік­ті­рілген бұл бастама жұмысқа орналасу және оқу үдерісін айтар­лықтай жеңілдетпек. Қазіргі таңда порталға 3,7 мың бос жұмыс орны енгізіліп, 1,5 мың жұмыс беруші тіркелген.

«Ақпан айында біз қалалық мансап орталығын аштық. Егер бұрын мансап орталықтары әр оқу орнында бөлек жұмыс істесе, қазір олар біріктірілген. Бұл бір алаңда жұмыс беру­шілермен, жұмыспен қамту орталықтарымен және басқа құрылымдармен іс-әрекетті үйлестіруге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері қала аудандарында 26 мың адамды, оның ішінде NEET санатындағы жастарды қамтыған мансап күндері өткізілді. Жеке бастама­лар аясында шағын және орта бизнес субъектілері 20,8 мыңнан астам жасты, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастырды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылып келеді. Бұл бағытта 6,5 мың жас жұмысқа орналасқан болса, оның ішінде NEET жастары да бар. Сонымен қатар «Жасыл ел» жобасы аясында 2,1 мың азамат еңбекке тартылды. Осылайша, жыл басынан бері NEET жастарды қосқанда барлығы 27,4 мың жас жұмысқа орналасты», дейді Ә.Қажденбек.

Жоғарыда атап өткен жол кар­тасы негізінде жыл соңына де­йін қалада 8 жастар комунити-орта­лы­ғы ашылмақ. 2025 жылдың со­ңына дейін олардың санын 16-ға жет­кізу көзделген. Қалада қазір «Оңай» картасының базасында ком­му­налдық орталықтардың рези­денттері үшін клубтық кар­точ­калық жүйені іске қосу бойын­ша­ келіссөздер жүргізіліп жатыр. Карта көлікке, қоғамдық та­мақ­тануға, спорттық және мә­де­ни инфрақұрылымды пайда­ла­ну­ға­ жеңілдіктер береді. Бүгін­де ме­га­полисте бос уақытты пай­да­лы­ жұмсауға, қосымша дағ­ды­лар­ды қалыптастыруға, кәсіп­тік бағдарлауға және жастар­да тәуел­ді­ліктің алдын алуға бағыт­талған 100 бос уақыт өткізу орта­лы­ғы жұмыс істеп тұр. Келер жы­лы мұндай орталықтардың бі­ра­зын қайта жаңғырту жоспарланған.

Алматыда жыл сайын мыңнан астам мәдени, спорттық іс-шара өтеді. Егер бұрын олар жастардың жалпы санына бағдарланған болса, қазір NEET санатындағы жастарға тікелей бағытталған іс-шаралар іске қосылған. «Жоғарыда аталған іс-шаралар кешені Алматы қаласындағы NEET жастардың үлесін 2023 жылдың І жартыжылдығында 8,3 пайыздан (53,8 мың) 7,4 пайызға (47,8 мың) дейін төмендетуге мүмкіндік берді, ал осы жылдың соңына қарай – 6,5, 2025 жылдың соңына қарай – 5,2 және 2030 жылдың соңына қарай 4 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр», дейді Жастар саясаты басқармасындағылар.

Соңғы жаңалықтар