Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 10 күнде үсік шалған 13 адам медициналық көмекке жүгінген, бесеуіне ампутация жасалады, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
«Бес адамның жағдайы нашар. 3-4 дәрежелі үсік алған. Яғни, суықтың әсерінен жұмсақ ет, сүйек пен буын зақымдалған. Мұндай жағдайда ампутация жасап, дененің зақымдалған мүшесін кесуге тура келеді. Үсік шалған қалған науқастарды қажетті дәрі-дәрмекті жазып, үйлеріне емделуге жібердік», дейді Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Валерий Грибашов.
Жалпы «Қазгидрометтің» мәліметінше, 25 ақпанда өңірдің кей жерлерінде бұрқасын болмақ. Солтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Ауа райының бұзылуына оңтүстіктен ойысқан циклон себеп. Аяз бен боран аптаның соңына дейін сақталмақ. Ауа температурасы күндіз -18, түнде кей жерлерде -38 градусқа дейін төмендемек.