Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бақылау комиссиясының отырысы өтті. Жиында коммуналдық мәселелер, оның ішінде ауыз су мәселесі талқыланды. Комиссия мүшелері алыстағы елді мекендерді сумен қамту мәселесін көтерді. Тиісті басқарманың есебі тыңдалды.
Түркістан облысында 843 елді мекен, 2 018 100 тұрғын бар. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ауыз сумен қамтамасыз ету саласы бойынша нысандардың құрылысы тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы іске асырылуда. 01.10.2020 ж. жағдай бойынша облыстың орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы қалаларда – 97,9 % (396,9 мың адам), ауылдық елді мекендерде 91 % (1 467,1 мың адамды құраған.
2020 жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 50 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 16 нысанның құрылысы 2021 жылы аяқталмақ. Биыл 19 елді мекен (19,5 мың тұрғын) жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылса, 5 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады деп жоспарланған.
2021 жылы Түркістан облысындағы қалалардың 98,9 % орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылмақ. Ал ауылдық елді мекендердің 92,1 % -на су жетеді.
Жалпы Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспарына сәйкес, 348 нысанның құрылысын іске асыру жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының болжамды құны – 95 млрд.теңге. Нәтижесінде, 155 елді жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылады және 195 елді мекендегі ауыз су жүйелері қайта жаңартылады.
Жиында осы деректер сөз болып, мәселені шешу жолдары бойынша ұсыныстар айтылды. Ауыз су мәселесі партияның бақылауында болады.