Түркістан облысы Төлеби ауданында елде жарияланған карантиндік режимге байланысты сақтық шаралары күшейтілді. Аудандық Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігері А.Еркінбекованың қаулысына сәйкес ел ішіндегі коронавирустық инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында бірқатар шектеу шаралары қолға алынды.
Атап айтқанда, тамыз айының 3-нен бастап 17-не дейін аудандағы демалыс орындары жұмысын тоқтатады. Осыған байланысты Екпінді және Қасқасу елдімекендерінен өтетін жолдарға блок-бекеттер қойылып, демалушылардың таулы аймаққа кіруіне тыйым салынды. Сондай-ақ, аудандағы бассейндер мен өзен бойларындағы жағажайлар да жұмысын эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін демалушыларды қабылдауға шектеу қойылды.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға да бірқатар міндеттер жүктелді. Енді азаматтар көшеде жүргенде медициналық бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтаулары керек. Және де тұрғылықты жері бойынша отбасылық шараларды өткізуге болмайды.
Бұдан бөлек Шымкент қаласына жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер де белгіленген мерзімде жұмыс істемейді. Ал, елдімекендер арасында қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмыс режимі қысқартылды.
Айта кетейік, қаулыда көрсетілген талаптарды орындамай, карантиндік режимді бұзған азаматтар заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.