Қала әкімі Мұрат Әйтенов БАҚ өкілдерімен бірге қаладағы бірқатар көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларды аралады.
Тексеру кезінде «НПО ЗЕРДЕ» ЖШС, «АҚ НИЕТ» ЖШС көтерме қоймаларына барған әкім жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және тиеу кестесі бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді.
«Бүгінде қалада дәрі-дәрмектің айлық қоры, атап айтқанда: 25 түрлі 122 825 қорап ыстықты төмендететін, 10 түрлі 148 658 қорап вирусқа қарсы, 27 түрлі 123 050 қорап антибиотиктер, 4 атаудан 42 253 қорап С витаминінің препараттары бар. Қазір үлкен көлемде дәрілер келді, осы аптада дәріханаларға таратылады», — деді қала әкімі.
«АҚ НИЕТ» ЖШС директоры Ержан Ниязалиев келген дәрілер қаладағы 52 дәріханаға таратылатынын, оның ішінде «дексеметазон», «дексан», «клексан» препараттары да бар екенін жеткізді.
«Бұл дәрі-дәрмектерді дәрігердің рецепті бойынша ғана алуға болады және бұл талапты дәріхананың да орындауы тиіс», — деді Е.Ниязалиев.
«Зерде» НПО ЖШС қоймасына 6 камаз дәрі-дәрмек әкелінген. Оның ішінде 1 млн аскорбин қышқылы, 500 мыңға тарта цефтриаксон, 100 мың азитрамицин, немисил, 20 мыңға жуық кагоцел, 14 мың ингавирин бар. 42 желілік дәріханасы бар «Зерде» НПО ЖШС Шымкенттегі 200-ге жуық дәріхананы қамтып отыр.
Қала басшысы 20-ға жуық дәріхананы аралап, халықтың арыз-шағымдарымен жеке танысты. Сондай-ақ, дәріхана сатушыларына дәрі-дәрмек жоқ болған жағдайда басқа сауда атауымен алуға болатынын түсіндіруді тапсырды. Мысалы парацетамолдың панадол сияқты балаларға арналған сироп түрі бар.
Сонымен қатар, қала әкімі дәрі жетіспеушілігінің екі себебін атап өтті. Бірі – алыпсатарлық болса, екінішісі – халықтың үлкен көлемде дәріні артығымен сатып алуы.
Осы ретте тұрғындарға айтарымыз, егер де, алыпсатарлықтың немесе дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырған жайттың куәгері болсаңыз дереу «109» байланыс нөміріне хабарласыңыз.