Құтқарушы – құрметті мамандық. Адам өмірі қыл үстінде тұрған кезде көмек қолын созатын құтқарушы болу үшін ең алдымен адамгершілік қасиеті жоғары болуы керек, сонан кейін физикалық тұрғыда дайындығы, денсаулығының салауаттылығы маңызды.
Облысымызда «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыру жедел құтқару жасағы» мекемесі мамандары адам өмірін құтқаруды басты мақсат етіп келеді. Сондай құтқарушының бірі — Бүркітбаев Самғат Серікбайұлы. Ол 1972 жылы 2 ақпанда дүниеге келген. Қазіргі таңда 1 дәрежелі құтқарушы, 2 сынып ІІІ топтағы сүңгуір. Жасақта 2002 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Темірлан елді мекені және Батыс Қазақстан облысы Касталов ауданы, 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Самар ауылдық округі, 2014 жылы Ақтөбе облысы Хромтау ауданы, 2015 жылы Ақмола облысы Атбасар қаласы, 2017 жылы Ақмола облысы Жарқайың ауданы, 2004 жылдан бастап Қызылорда облысының аумағында тасқын сулардың және төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жұмыстарына белсенді қатысқан. 2002 жылдан бастап «Қазқұтқару» Халықаралық жиын семинарында төреші қызметін атқарып келеді.
2015 жылы 26 желтоқсан айында іздестіру құтқару жұмыстары барысында жоғалып кеткен 3 балықшыны тауып, қауіпсіз жерге жеткізген. 31 желтоқсанда авариялық құтқару жұмыстары барысында 36 зардап шегушіні құтқарып, Қызылорда қаласына жеткізген. 2017 жылы 6 сәуір күні Қызылорда қаласы Сырдария өзеніне секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматшаны ажалдан арашалаған. 2017 жылы 26 шілдеде Қызылорда қаласы Шымбай көшесі н/з Кәріз сорғы стансасындағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүріп, уланған адамдарды арнайы киім аппаратымен кіріп, 3 зардап шегушіні аман алып шыққан және 2 адамның мәйітін сыртқа шығарған.
Оған әр жылдардағы осындай жұмыстары үшін бірқатар марапаттарды иеленді. Атап айтқанда, 2009 жылы ІІІ дәрежелі «Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер» кеуде белгісі, 2010 жылы ҚР Президентінің жарлығымен «Ерлігі үшін» Медалі, 2012 жылы «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» кеуде белгісі, 2015 жылы «ҚР ТЖК-не 20 жыл», «Қазқұтқару-20 жыл» мерекелік және «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққан үшін» медальдары, 2007- 2016 жылдары ҚР ТЖМ және ТЖД алғыс хаттары мен грамоталарымен марапатталды.
Осындай лайықты құтқарушының бірі — Балманов Айдын Әбдіғаппарұлы. Ол 1980 жылы 11 қаңтарда дүниеге келген. Бүгінде кезекшілік-диспетчерлік бөлімінің құтқарушысы, 3 сынып ІІІ топтағы сүңгуір. 2013 жылдан бастап құтқару саласында құтқарушы жасақта жұмыс атқарып келеді. Тәжірибелі және білікті маман ретінде құтқару және сүңгуір-іздестіру жұмыстарында байырғы заманнан халықтық тәсілдерін тиімді пайдалану арқылы оң нәтиже шығара біледі. 2017 жылдың 14 шілдесінде Сырдария өзенінің қауіпті аумақтарында патрульдік кезекшілік жүргізу кезінде ол сауатты және білікті іс-қимыл арқасында Сырдария өзеніне секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған 2000 жылы туылған жасөспірім А.Советті аман алып қалған. 2016 жылы Қызылорда облысы әкімінің Алғысы және ҚР ІІМ Грамотасымен марапатталған.
Сондай-ақ, Исаев Алмас Төлеуұлы туралы да мақтанышпен айта аламыз. Ол 1973 жылы 17 сәуірде туылған. Құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы, 2 дәрежелі құтқарушы, 1 сынып ІІІ топтағы сүңгуір.
Алмас Төлеуұлы Исаев 2005 жылдан бастап құтқару саласында сүңгуір құтқарушы есебінде қызмет атқаруда. Судағы кауіпсіздік саласында білікті маман. Орын алған төтенше жағдайларды сараптап, шешім қабылдауға нақты ұсыныстар бере біледі. Судағы қайғылы оқиғаларға байланысты төтенше жағдайларды жоюға арналған барлық іс-шараларға белсенді араласады.
2015 жылғы жазғы суға түсу маусымы кезінде 8 адамды құтқару жұмыстарына қатысты және сүңгуір-іздестіру жұмыстары кезінде 2 адамның мәйітін сыртқа алып шықты. «Қазқұтқару» халықаралық жиын-семинарында Құрмет грамотасымен марапатталды. 2009 жылы «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін», 2013 жылы ІІІ дәрежелі «Құтқарушы», кеуде белгісі, 2015 жылы Алғыс хатпен және «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққан үшін» медалімен марапатталды.
Осы ретте 1 дәрежелі құтқарушы, 1 сынып ІІІ топтағы сүңгуір Аптықалықов Нұрхан Иманғалиұлы 1981 жылы 28 наурызда туған, Құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы. 2011, 2014 жылдары Батыс Қазақстан облыстары және 2015 жылғы Ақмола облысындағы тасқын жағдайының күрделенуіне байланысты авариялық құтқару операцияларына белсенді қатысқан. 2014 жылдың қыс айында Қызылорда-Жезқазған трассасында қардың қырсауында қалып қойған автокөліктермен адамдарды көшіру және авариялық құтқару жұмыстарына шықты. Топпен көрсетілген көмек нәтижесінде 80-нен астам автокөлік пен автобустарды және 150-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшірді.
2014 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының елді мекендерінің аумағын таудан еріген қардың суы алу кезінде ҚР ТЖМ құрамаларымен бірлесіп, тұрғындарды құтқару және қауіпсіз жерлерге көшіру жұмыстарына суда құтқару қызметінің құтқарушысы ретінде қатысты. Топпен бірге 100-ден астам тұрғындарға қажетті көмек көрсетті. 2009 жылы Қызылорда облысы ТЖД бастығының Грамотасы, 2011 жылы «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» кеуде белгісі, 2014 жылы ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» және 2016 жылы ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» кеуде белгілерімен марапатталды.
Жоғарыда көріп отырғанымыздай бұлардың қай-қайсысы да нағыз құтқарушы деген абыройлы атаққа лайықты жандар. Оларға Отбасы күні мерекесі қарсаңында отбасылары аман, денсаулығы мықты болсын деп тілектестік білдіреміз.