Спикер болып ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов сөз сөйледі.
Жыл сайын мектеп демалысы кезінде еліміздің су айдындарына кәмелетке толмағандардың саны артады. Осыған орай Қазақстанның барлық құтқарушылары шомылу кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоғары дайындыққа келтірілді.
Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп кешенді дайындық және алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асырады. БАҚ-та өткізілген ақпараттық іс-шаралармен 9 млн. жуық адам, оның ішінде 1,5 млн. астам бала қамтылды. Сонымен бірге, оқыту кезеңінде 52 мың бала жүзу дағдыларына оқытылды, бұл жұмыс жалғасын табуда. Профилактикалық іс–шаралар кешенін өткізу барысында 600 мыңнан астам көрнекі оқыту өнімдері (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылды. Жүргізілген профилактикалық іс шаралар кешенінің нәтижесінде шомылу маусымының 2 айында еліміздің су айдындарында қаза тапқандарды 23 адамға азайтуға мүмкіндік туды.
Шомылу маусымы басталғаннан бері 102 адам суға батып кетті, оның ішінде 35 бала, 2023 жылдың осы кезеңінде 125 адам суға батып кетті, оның ішінде 34 бала. Ағымдағы жылы 18 пайызға азайды. Жыл басынан бастап патрульдеу өткізу барысында 250 адам құтқарылды, олардың ішінде 63 бала (2023 жылғы ұқсас кезеңде – 169/60). Ішкі істер мен көлік министрліктерімен бірлесіп су айдындарында адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында тыйым салынған орындарда 60 мыңнан астам рейдтер мен патрульдеу жүргізілді.
Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-ші, 412-ші, 440-ші және 582-ші баптары бойынша 13 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» бойынша 905 айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 8 есе үлкейді. 25 шілдеде Семей қаласында белгіленген маршрут бойынша патрульдеу кезінде құтқарушыларымыз 2 баланы, Ертіс өзенінде тағы бір патрульдеу барысында 3 бала мен 1 ер адамды құтқарды.
Шомылу маусымының басталуымен су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күштерімен 65 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылды. Алайда суға батып қайтыс болғандардың 85 пайызы рұқсат етілмеген су көздерінде орын алып отыр. Осыған байланысты, ТЖМ рұқсат етілген және қауіпсіз орындарда демалу қажет екенін тағы да еске салады! Қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ және меморгандардың сайттарында орналастырылады. Сондай-ақ 2GIS платформасын пайдалана аласыз.
Бүгінгі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар, оларда әкімдердің шешімдерімен 708 рұқсат етілген және 5 мыңға жуық шомылуға тыйым салынған орындар бекітілген. Барлық тыйым салынған учаскелер ескерту белгілерімен жабдықталған, мұндай жерлерде шомылу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. (айыппұл – 7 АЕК)
Айта кету керек, біздің қызметкерлермен бірге ерлік көрсетіп, құтқару жұмыстарына қарапайым азаматтар да ат салысуда. Мәселен, Бурабайда бір апта бұрын 43 жастағы кәсіпкер Рүстем Шаймерденов 7 минут бойы су астында болған қызды тауып құтқарып алды. Суға батудың негізгі себептері: ағымды жеңе алмау, өз күштерін асыра бағалау, балаларды қараусыз қалдыру, көбінесе мас күйінде шомылу.
ТЖМ ескертеді: балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз және олардың өздігінен шомылуына жол бермеңіз; тыйым салу белгілері орнатылған және мас күйінде бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға немесе суға түсуге болмайды; жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардың артында жүзбеңіз; қайықтардың жанында жүзбеу қажет.
Осы қарапайым ережелерді ұстану Сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды.