Іс-шара барысында жетекші шетелдік және отандық сарапшылар Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі осы жылдар ішінде тұрақтылық пен дамуды көрсеткенін атап өтті.
Салтанатты іc-шараны ашқан Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының президенті Мохаммед Азман бұл оқиға тек Қазақстан үшін ғана емес, зейнетақы жүйелерін дамытуға мүдделі әлемдік қоғамдастық үшін де маңызды екенін атап өтті.
Конференцияға қатысушыларды жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына шолу жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова да құттықтады.
«Қазақстан жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуді ТМД елдерінің ішінде бірінші болып бастады.
Бірінші кезеңде жүйенің қатысушылары тек табысының 10% аударатын жұмысшылар болды. Бүгінде олардың жинақтарының жалпы сомасы 16 трлн теңгеден асты. Екінші кезеңде 2005 жылдан бастап бюджеттен базалық зейнетақы төлемдері енгізілді. Осылайша, мемлекет жүйенің екінші қатысушысы болды.
Биылғы жылы Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен жүйенің үшінші субъектісі – жұмыс беруші пайда болды. Келесі жылдың басынан бастап олар өз қызметкерлерінің пайдасына аударымдар жасай бастайды.
Осылайша, біз көп деңгейлі ұлттық зейнетақы жүйесін құрдық», – деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар, ол жаңа сын-қатерлер қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауды талап ететінін атап өтті.
Біріншіден, бұл демографиялық өзгерістерге қатысты. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда зейнеткерлер саны 30%-ға артып, 3 млн адамға жетеді.
«Жүйенің құрылған уақытының аз болуына байланысты жинақтаушы зейнетақы мөлшері онша үлкен емес. Осыған орай Әлеуметтік кодекс шеңберінде мемлекет есебінен зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту көзделеді. Осылайша, мемлекет бұған дейінгі мемлекеттік жүйеден көп деңгейлі жүйеге өтпелі кезеңде азаматтарымызды зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті өз мойнына алды», – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
Екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту мәселесі сақталып отыр. Халықтың осы санатын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету үшін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша «тәуелсіз жұмыскер» ұғымы енгізілді, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу тетіктері айқындалды, сондай-ақ микро және шағын бизнес үшін барлық әлеуметтік жарналарды біріктіретін бірыңғай төлем енгізілді. Бұл 500 мыңнан астам азаматтың еңбегін заңдастыруға және оларға әлеуметтік қамсыздандыруға, оның ішінде зейнетақыға құқық алуға мүмкіндік береді.
«Үшіншіден, зейнетақы жинақтарының кірістілігі мәселелері өзекті бола түсуде. Біз зейнетақылардың көп бөлігі жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін кезеңге жақындап қалдық. Зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру талап етіледі. Осы мақсатта БЖЗҚ салымшыларына биылғы 1 шілдеден бастап инвестициялық табыстылықты арттыру мақсатында өз жинақтарының 50%-на дейін инвестициялаудың баламалы саясатын таңдау арқылы өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруға қатысу құқығы берілді», – деді Тамара Дүйсенова.
Төртіншіден, азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімі және жинақтау мәдениеті мәселелері.
«Барлық әлеуметтік институттардың жұмысын қайта бастау қажет. Ең алдымен, бұл БЖЗҚ-ға қатысты. Қорға өз шоттарында азаматтардың зейнетақы жинақтарын жинақтайтын есеп орталығы ғана болу жеткіліксіз. Ол, бір жағынан, азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын күшті әлеуметтік институт, екінші жағынан, болашақта азаматтарды зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерімен қамтамасыз ету үшін жинақтарды көбейтуге мүмкіндік беретін жоғары табысты инвестициялық стратегиясы бар қаржы институты болуға тиіс», – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
Дөңгелек үстел барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин, Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (министр) Бақытжан Сағынтаев тақырыптық баяндамалар жасады.
Конференция аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы президенті Мохаммед Азманмен кездесті. Кездесу барысында әлемдегі әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі сын-қатерлер және зейнетақымен қамсыздандырудың ұлттық жүйелерін дамыту перспективалары талқыланды. Тараптар әлеуметтік тәуекелдерді басқару және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелерінде өзара іс-қимылды күшейту туралы ниет білдірді.
Сондай-ақ, іс-шара аясында бірнеше панельдік сессиялар өткізілді, онда қатысушылар «Халықтың қартаюы және зейнетақы реформасы», «Халықты қамту және ақпараттандыру», «Инвестициялық стратегиялар, тәуекелдерді басқару және қадағалауды реттеуі», «Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерінің болашағы: даму келешегі мен негізгі драйверлері» атты өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасып, баяндамалар жасады.