Түркістан облысында жастарды баспанамен қамтуды жеңілдететін «Turkistan zhastary» бағдарламасы іске қосылуы мүмкін. Өйткені өңірде үй-күйсіз жүрген жастар өте көп. Бүгін Түркістанда «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында жастарды алаңдататын осы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жастарға қолдау көрсету, қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыру жөнінде ой қозғады.
«Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған «Дипломмен – ауылға», «Серпін-2050» бағдарламалары бар. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаларға қатысу жолдарын, қандай құжат жинау керек екенін жастардың көбі білмейді. Насихаты нашар. Солтүстікке көшу бойынша да ақпарат аз. Бюрократиялық кедергілер бар. Сондықтан әр ауданда әлеуметтік желіден парақшалар, топтар ашып, осы бағдарламалар туралы мәлімет күн сайын берілуі тиіс. Арнайы сайтқа енгізу мәселесі де өзекті. Солтүстікте тегін оқу, баспана, жұмыс бар. Бірақ әлі де осы игілікті жерлестеріміз толық пайдалана алмай жүр. Партия филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес арқылы осындай мәселелерді шешіп, билік органдарына ұсыныс жолдануы тиіс», – деген ол қоғамдық кеңестің жұмысына сәттілік тіледі.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Амалбек Өміртай қоғамдық кеңестің жоспарымен, құрамымен таныстырды.
Түркістан облысында Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің құрамында 15 мүше бар. Төрағасы – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Өміртай Амалбек Дәркенұлы. Орынбасары – Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Жуман Жансерік Бауыржанұлы.
Бүгінгі жиында күн тәртібіне сәйкес «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің жылдық жоспары, медиа жоспары бекітілді. «Жастар – Отанға!» бағдарламасының және оны іске асыру жөніндегі облыстық жол картасындағы 5 негізгі бағыттың орындалуына жауапты кеңес мүшелері анықталды.
Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға» және «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы туралы Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрмахан Тәпиевтің, адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың баяндамалары тыңдалды. «Отбасы банк» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалының өкілі Әмір Кизатұлы қалалық «Turkistan zhastary» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы туралы кеңінен баяндады. Бұл бағдарлама бұған дейін Алматыда «Алматы жастары» деген атпен сәтті жүзеге асырылған.
Кеңес мүшелері «Turkistan zhastary» бағдарламасын жүйелеп, өңірде жүзеге асыру, «Дипломмен – ауылға», «Серпін-2050» бағдарламаларын және өзге де қолдау іс-шараларын жандандыру жөнінде ойларын ортаға салды. Бұл бойынша тиісті басқармаларға ұсыныс хаттар жолданып, мәселе бақылауға алынады.