#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Түркістанда ХІ жазғы Универсиадасы ашылды

"Түркістан-Арена" стадионында ХІ жазғы Универсиадасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты ХҚТУ Ақпарат орталығына сілтеме жасап.


Ресми ашылу салтанаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Түркістан — түркі әлемінің рухани астанасы» атануы және ХҚТУ-нің 30 жылдығы құрметіне арналды.
ХІ жазғы Универсиадасының ашылу салтанаты еліміздің мемлекеттік Әнұранының Арена төрінде шырқалуымен басталып, қазақ халқының ұлттық салт-дəстүрін, мəдениетін паш ететін театрландырылған қойылыммен ашылды. Қойылымның соңынан 20 жоғары оқу орнынан келген спортшылардың шеруі жүріп өтті. Сонымен қатар, универсиада тарихына арналған бейне жазба көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік кеште ҚР Білім жане Ғылым министірі Асхат Қанатұлы Аймағмабетовтың құттықтауын ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Құтжанұлы Есентаев жеткізіп, ХІ жазғы Универсиадасын ресми түрде ашық деп жариялады.
ЖОО арасында өтіп жатқан сайыстардың төрешілері ойын ережелерін қатаң түрде сақтап, міндеттерін әділ атқаруға ант етті. Ал универсиада алауын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әбдісадық Халилаев жақты.
Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Темірбекова Жанар Амангелдіқызы, ректор өкілі Женгиз Томар құттықтау сөз сөйлеп, барша дүбірлі додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қонақтардың алғы сөздерінен кейін «Спорт және Өнер» факультетінің талантты студенттерінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама көпшілікке жол тартты. Арена төрінде оқу ордамыздың «Би-Сұлтан» би ансамблі мың бұрала би биледі. Одан өзге, еліміздің танымал жұлдыздары AIZaBi тобы көрермендерге ән-шашуларын арнап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Универсиаданың мақсаты жастар арасында бұқаралық спортты дамыту. ХІ жазғы Универсиада — 30 спорт түрінен 37 жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба.
Айта кетейік, студенттердің дəстүрлі сайысы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы», Түркістан облысы әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өтуде.
Ашылу рәсімі «Turkistan TV» телеарнасынан және «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» You Tube каналынан және де Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Yassawi TV» You Tube каналының тікелей эфирінде қалың көрермен назарына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар