Мемлекет басшысы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Президентке Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жайында баяндалды. Оның құрамына екі бағыт және 33 негізгі жоба кіреді. Бұл жобалар сауда биржасы нарығындағы, электр энергиясы, ауыл шаруашылығы тауарлары, көлік, байланыс, ІТ қызмет салаларындағы кедергілерді жойып, оның жалпыға теңдей қол жетімді болуын қамтамасыз етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауда биржасы жүйесінің іске қосылғаны туралы айтылды. 2021 жылдың 25 наурыз күні битумның саудасы басталған. Ал 31 наурызда жанар-жағармай, сәуір айының басында көмір саудаға түсе бастайды. Бұл өз кезегінде нарықтың ашықтығын қалыптастырып, оған болжам жасау тиімділігін арттыра түседі және нақты нарық бағамын алуға мүмкіндік береді. Жақын арада Қазақстан Республикасы Биржа комитетінде Ахуал орталығы жұмыс істей бастайды. Мемлекет басшысы ұн нарығының ерекшелігін және оның экспорттық әлеуетін ескере отырып, ұнды биржалық тауарлардың тізіміне қосуға ерте деп шешті.
Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының жерасты жолдарының қол жетімділігіне талдау жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындау барысында вагондарды қалыптастыруды, темір жолдарды жөндеу мерзімдерін реттейтін қағидалар әзірленгенін, осы аптада монополияға қарсы комплаенс актісі жасалатынын, сондай-ақ, барлық жолдарға балама тасымалдаушыларды жіберу қамтамасыз етілгенін айтты.
Қазіргі уақытта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Эйр Астана» акционерлік қоғамына, «Скат» акционерлік қоғамына қатысты, сондай-ақ, дәрілік заттар нарығындағы монополияға қарсы тергеулер жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бәсекелестікті қорғау жөніндегі жаңа заң жобасымен танысты.
Президент бәсекелестікті одан әрі дамытуға, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жақсартуға, дәрілік заттар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарын реттеуге қатысты бірқатар тапсырма берді.