#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Төлеби: Тасарықтағы орталықтың жұмысы бақылауда

2019 жылдың мамыр айында қоғам белсендісі Тасарық орталығының қызметін зерделеу барысында кемшіліктер анықталған, олар 9 айдан соң 2020 жылдың ақпан айында «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған.

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде орын алған деректер және Орталық қызметкерлерінің еңбек құқықтарының бұзылуы туралы фактілерге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен өңірде мониторинг жүргізу үшін комиссия құрылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2019 жылдың мамыр айында қоғам белсендісі Тасарық орталығының қызметін зерделеу барысында кемшіліктер анықталған, олар 9 айдан соң 2020 жылдың ақпан айында «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айында Тасарық орталығы қызметкерлерінің еңбек құқықтарыныңың бұзылғаны жөнінде әлеуметтік желіде жариялаған.

Аталған фактілер бойынша 2020 жылдың 26-27 ақпан күндері Еңбек министрлігінің тапсырмасына сәйкес, тиісті уәкілетті органдардың өкілдерінен, 2020 жылдың 25-26 мамыр аралығында арнайы құрылған мониторингтік топтар Орталыққа барып, қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетілуіне мониторинг жұмыстарын жүргізген. Соңғы мониторинг топтың құрамына аталған деректі «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жариялаған қоғам белсендісі А.Маделханова енгізілген.

«Тексеру жүргізілген уақытта мүгедек балаларға қажетті қоларба және жөргектермен жетіспеушілігі орын алған. Қазіргі таңда қызмет алушыларды қоларба және жөргектермен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Мүгедек балаларды оңалтудың жеке бағдарламаларына түзетулер енгізіліп, 5 қоларба аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінен берілді, қалған 3 қоларба демеушінің есебінен алынды. Мұқтаж балаларға арналған жөргектер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы және Орталық бюджеті есебінен алынды, барлығы балалардың биометриялық параметрлерге сәйкес реттелді», — деді Әсия Құралқызы.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы Орталықтағы қызмет алушылардың күйіп қалу, қызмет алушыларға қатыгездік көрсету бойынша деректерге тоқталды.

«Екі қызмет алушының аяқтары күйіп қалған туралы фактілер дәлелін тапты. Сондай-ақ, алалармен сұхбаттасу барысында Орталықтың төрт қызметкерінің балаларды ұрып-соғу фактілері орын алғаны анықталды. Анықталған фактілер жауапты қызметкерлер және тәрбиешілер өз міндеттеріне немқұрайлы қарағандықтан орын алған. Сол себептен кінәлі қызметкерлерге (бекеттегі кезекші медициналық қызметкер мен күтім жөніндегі санитар) тәртіптік шаралар қаралды, үш қызметкер сол кезде жұмыстан босатылған. Бүгінгі таңда аталған деректер бойынша Төлеби аудандық Полиция басқармасымен тергеу амалдары жүргізілуде», – деді.

Сонымен қатар, Тасарық орталығы тәрбиешілердің амалсыз ақысыз еңбек демалысқа шығуы жөніндегі шағымы қаралды.
Балалардың саны жыл сайын азаюына байланысты Орталық басшылығы мен қызметкерлер арасында бірлескен шешім қабылданып, Еңбек Кодексінің 46-бабына сәйкес олардың жұмыс сағаттары 0,75 бірлікке төмендетіліп, еңбекақы төлемдері жүргізілген.

«Қазіргі таңда тәрбиешілер 36 сағаттық апталық жүктемемен жұмыс істеуде. Еңбекақы төлемдері ҚР заңнамасына сәйкес жүргізілуде. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасымен жүргізілген жоспардан тыс тексеру және облыс әкімі аппаратының ішкі аудит қызметімен жүргізілген мониторинг қорытындыларымен қызметкерлердің еңбек құқықтары бұзылмағаны және еңбек ақылары дұрыс есептеліп, төленгені анықталды», — деді басқарма басшысы.

Орталықта жүргізілген мониторинг жұмыстардың нәтижелері облыс әкімнің орынбасары Ұ.Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте тексеру комиссия және мониторинг топтардың мүшелерінің қатысуымен қаралған.
Мәжіліс қорытындысымен: қызметтік тексеру мен тергеу амалдары жүргізілген кезеңде Орталықтың директоры (Д.Жантаева) атқарып жатқан лауазымынан уақытша шеттетілді, Орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары (Г.Мыңжасарова) жұмыстан босатылды. 2020 жылдың 15 маусымынан бастап Орталық директорымен оның әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасарының міндеттерін атқарушылар тағайындалды.

Бүгінде Тасарық Орталығында қызметтік тексеру және тәжірибелік-әдіснамалық көмек көрсету үшін басқарманың және басқармаға қарасты мекемелердің мамандарынан құрылған жұмысшы топ мониторинг жұмыстарын жүргізуде: азық-түліктерге, негізгі құралдарға, жұмсақ инвентарьларға, оңалту жабдықтарына түгендеу жүргізілді, бейнебақылау жүйесін күшейту мақсатында арнайы есептер жүргізілді, бюджеттік өтінім даярланды.

2020 жылдың 18-19 маусым аралығында білім саласының мамандарын тартып Тасарық Орталығында әлеуметтік-педагогикалық қызметті көрсететін мамандарының біліктілігіне және атқарып жатқан лауазымдарына сәйкестігіне талдау жүргізілді.
Сонымен қатар, Тасарық Орталығында қамқорлыққа алынған, қазіргі таңда тұрып жатқан 14 балаға психодиагностика жүргізу мақсатында 18 — 20 маусым аралығында «ReFrame» тұлғаларды дамыту Орталығының психолог мамандары шақыртылып мамандандырылған кеңес алынды.

Қызмет алушылардың құқықтарының сақталуына, оның ішінде бюджет қаржыларымен қайырымдылық, демеушілік көмектің пайдалануына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында Қоғамдық кеңес құрылды.
Балаларға арналған сыртқы ойын алаңшасын орнату және абаттандыру жұмыстарының жүргізуге техникалық есептер жүргізілді, жылдың соңына дейін пайдалануға берілетіні мақұлданды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалту орталықтарының құрылысын жүргізу туралы
Мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін арнайы әлеуметтік қызметтердің жағдайын жақсарту және сапасын арттыру мақсатында медициналық-әлеуметтік мекемелерді жаңғырту жоспары қабылданды. Осы жоспар аясында Тасарық орталығын облыс орталығына іргелес жатқан аумақтарға көшіру мүмкіндігі қарастырылады.

Атап айтқанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қайырымдылық ретінде өз қаражаты есебінен 04.06.2020 жылы Кеңсе, «Сымбат-Ай» ЖШС (А. Қалдыбекова) және Кентау қаласы мен Түлкібас аудандарының әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде 50 орындық стационарлық типтегі арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын үш орталық салынады: Келес ауданы Мақташы ауылында, Түлкібас ауданы, Түлкібас ауылында, Кентау қаласының Оранғай ауылында.

Құрылыстың басталуы ағымдағы жылдың маусым айында, аяқталуы және пайдалануға берілуі — 2021 жылдың көктемінде жоспарланған.Бұл нысандардың құрылысы «Түркістан облысын 2024 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарында» бекітілген.
Үш нысанды салудың жалпы құны 6,9 млрд. теңге. Қазіргі уақытта аталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізілуде, жер телімдері анықталды. Тексеру мен мониторинг жұмыстарының қорытындысы айдың соңында қосымша жарияланып, қабылданған шаралар бойынша хабарлама жасалынатын болады.

Соңғы жаңалықтар