#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Шымкент: Эпидемологиялық жағдайдың өршуіне байланысты карантин шаралары күшейтілмек

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қаламыздағы инфекциялық аурулардың таралуы жөнінде БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қаламыздағы инфекциялық аурулардың таралуы жөнінде БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.

Сұхбат барысында, ең алдымен, Ербол Әбілхайырұлы қаламыздағы эпидемиологиялық жағдайды жеткізді.

– Қазір Шымкент қаласында тек қана коронавирус емес, ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) мен пневмония өршіп тұр. Осы бойынша біз күнделікті нақты жоспарлы жұмыстарды жасап жатырмыз. Ал пандемиямен аурушылар саны 2300-ге жетті. Оның ішінде кешегі күні 116 адам тіркелді. Сол себепті науқастар санының күрт өсуіне байланысты жедел жәрдем қызметін күшейтуге күш салдық. Дәл қазір 100 бригада толықтай жұмыс істеуде. Одан бөлек, диспетчерлік қызметті ұлғайттық. Соңғы талдаулар бойынша 1 маусымда бір тәуліктің ішінде 1091 шақырту болса, 10 маусымда 1200-ден асқан, ал кешегі күні шақырту 1850-ге жеткен. Бұл медициналық шақыртулардың басым бөлігі – ЖРВИ және пневмониямен ауырған науқастар. Дәл кеше 129 науқас қабылданған. Осы жағдайға байланысты алдын ала карантиндік және провизорлық стационарларды күшейттік. Яғни, осыдан бес күн бұрын қосымша 650 төсек-орын енгіздік. Сол төсек-орындар бес күннің ішінде толып қалды. Кешегі күні реабилитацияға қосымша 100 төсек-орын ұйымдастырдық. Бұл ретте карантиндік стационар болған екі нысанды 380 төсек-орынмен провизорлық стационар қылып қостық. Бұл провизорлық стационарларда емдеу шаралары кезінде үш топқа бөліп, арнайы алгоритм жасадық. Ал кері байланыстағы қауіпті топтағы азаматтарға күнделікті телефонмен хабарласып отырмыз. Айта кетейік, бұл стационарлар коронавирустың жеңіл түрімен ауырған азаматтарды емдеуге арналған. Аталған провизорлық стационарлар қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тікелей тапсырмасымен іске асуда, – деді Е.Садыр.

Сондай-ақ, Ербол Әбілхайырұлы қаламызда пневмониямен ауырған науқастар саны 7,2 пайызға өскенін тілге тиек етіп, ендігі мақсат күрт өскен бұл дертті ауыздықтау бойынша қарқынды жұмыс жіргізілетінін айтты. Осыған орай қала әкімінің тапсырмасымен қосымша ғимараттар ашылатынын жеткізді.

– Қазіргі таңда ауруды өткізіп алған науқастардың өлім көрсеткіші өсіп жатыр. Кеше ауыр жағдайда келген 8 науқас көз жұмды. Мұның көпшілігі – бұрыннан созылмалы аурулары бар азаматтар. Осыған байланысты провизорлық стоционарлар күшейтіліп, бәрінде дәрі-дәрмектің барлығы толық жеткілікті. Бұл жағдайды бақылауда ұстап, жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 25 ИВЛ (өкпенің жасанды желдету аппараты) аппаратты алдық. Бүгінде 301 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, жатақханаларға демеушілердің көмегімен 6 ИВЛ аппараты қойылды. Бұл ретте демеушілердің тағы бір көмегімен 100 мың бетперде және кислородпен демалатын 100 Боброва аппараты келе жатыр, – деді Е.Әбілхайырұлы.

Арнайы сұхбатта қала әкімінің бірінші орынбасары қалада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 2020 жылғы 23 маусымынан бастап шектеу шаралары күшейетінін де жеткізді.

Атап өтсек:

1. Базарлардың жұмыс кестесі таңертең сағат 06:00-ден 16:00-ге дейін (азық-түлік, азық-түлік емес, мал, көлік базарлары), ал көтерме сауда базарлары сағат 05:00-ден 13:00-ге дейін шектеледі;

2. Барлық сауда нысандарының (ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, дүкендер, супермаркеттер, гипермаркеттер, кіші-маркеттер, зоо және гүл сататын дүкендер және т.б.) жұмыс кестесі 10:00-ден 18:00-ге дейін, ал жеке орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дүкендері сағат 21:00-ге дейін шектеледі;

3. Әлеуметтік арақашықтықты және санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, қоғамдық тамақтандыру орындарының (кафелер, мейрамханалар және т.б.) жұмыс кестесі сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін, ал донер, лаваш орталықтары, құйылатын сусындар мен балмұздақтар сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін шектеледі;

4. Онлайн режимінде көрсетілетін қызметтерді қоспағанда Жұмыспен қамту және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі таңертең сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін шектеледі;

5. Қоғамдық көліктер дезинфекциялық шараларды жалғастыра отырып, жұмыс режимі таңертең сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін және кешкі сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі.

Ал демалыс күндеріндегі (сенбі, жексенбі) карантин шараларын айтар болсақ:

1. Жеке орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дүкендерін (10:00-ден 21:00-ге дейін) қоспағанда, барлық сауда базарлары (азық-түлік, азық-түлік емес, мал, көлік базарлары) және сауда нысандарының (ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, оның ішінде орналасқан дүкендер, супермаркеттер, гипермаркеттер, кіші-маркеттер, зоо және гүл сататын дүкендер) жұмыстары тоқтатылады;

2. Барлық қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы және қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады.

Сұхбат соңында карантин кезеңінде жұмысын тоқтататын нысандар да айтылды:

1. Мектепке дейінгі (балабақша, түзету орталықтары) ұйымдардың жұмысы тоқтатылады;

2. Спорт нысандарының (фитнес-орталықтары, жаттығу залдары, спорт бассейні және кешендері) жұмысы тоқтатылады;

3. Базарлардың санитарлық күні демалыс күнге (сенбі, жексенбі) белгіленеді;

4. Қала тұрғындарының көпшілік жиналатын орындарға, оның ішінде жиі жиналатын орындар, жаяу серуендеу орындары (көше), саябақтарға, скверлерге, жағалауға, алаңдарға, балалар және спорттық алаңдарына, туристік орындарға баруға шектеу қойылады;

5. Қызмет көрсету саласы (автожуу, доңғалақ ауыстыру, май ауыстыру орталықтары, ТҚКС, әсемдік салондар, химиялық тазартқыштар, кір жуу, кілем тазарту, жабдықтарды, киім, аяқ киім жөндеу орталықтары) және монша кешендерінің (сауналар, SPA-салондар, моншалар) жұмысы тоқтатылады.

Ал қала көлеміндегі барлық медициналық ұйымдар, дәріханалар және қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты барлық коммуналдық қызметтер қалыпты режимінде жұмысын жалғастырады.

Сұхбат соңында Е.Садыр: «Қала тұрғындары карантиндік ережелерді сақтап отырған жоқ. Өздеріңіз де әлеуметтік желілерден көріп жатқандай той-томалақ өткізуде. Негізі әрбір азамат өз өміріне өзі жауапты. Ал біз кінәні басқа біреуден іздейміз. Бүгінгі дәрігерлер тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуде. Сол себепті ауру ошақтарында жүрген соң, олардың 20 пайызы ауырып қалуда. Осыған байланысты ауруханаларды таза және лас зоналарға бөлдік. Өйткені дәрігерлерді сақтауымыз керек. Сондай-ақ, ақ халаттылардың орнын алмастыратын қосымша мамандардың тізімін жасап жатырмыз. Алайда бір айта кететіні, егер біз санитарлық нормаларды сақтамасақ, дәрігерлерді де сақтай алмаймыз. Осыны түсінуіміз керек», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

 

Соңғы жаңалықтар