#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Қазгидромет мамандары қолдан жаңбыр жаудыру технологиясы туралы айтты

"Қазгидромет" мамандары Арал өңірі сияқты шөлейтті аумақтың атмосферасынан қолдан жаңбыр туындату мүмкін емес екенін айтады, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты.

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алтай Айнабектің атмосфераны иондау арқылы қолдан жаңбыр жауғызу технологиясы туралы алып-қашпа әңгімелерге ғылыми қорытынды берді. «Қазгидромет» мекемесі БҰҰ-ның климатты қолдан өзгерту мәселесіне жауапты ұйымынан иондау арқылы жаңбыр жауғызу технологиясы туралы ғылыми пайым сұраған.

Ресми сауалдағы мәліметке сәйкес, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ауа райына әсер ету саласын зерттейтін сарапшылары иондау технологиясын зерттеген. Сол зерттеудің баяндамасында «иондау арқылы жауын-шашын шақырылды» делінген оқиғалардың ешқайсысы бақылаулармен де, аумақ бойынша сандық модельдеумен де расталмағаны жазылған.

«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым» (ДМҰ) – Біріккен ұлттар ұйымының атмосфераны бақылап, оның мұхиттармен өзара әрекеттесу мәселелерін зерттейтін құзыретті органы.

«ДМҰ-ның климатқа белсенді әсер ету мәселелері туралы мәлімдемесінде жауын-шашын мөлшерін арттыруға арналған барлық технологиялар табиғи процестерді тек жеделдете алатыны, жергілікті оқшауланған аумақта ғана іске асырылуы мүмкін екені айтылған.

Сіз айтып отырған «International Center of Climate Change Technologies» ЖШС өз жұмысында иондау әдісін қолданады. Алайда, бүгінгі таңда бұл технологияны әлемнің ғылыми қауымдастығы мойындамаған», — деп жазады Қазгидромет мамандары.

Cонымен қатар ,биылғы маусым-шілде аралығында Қазақстанның қандай да бір бөлігінде климаттық ерекшеліктерден тыс өзгерістер болған жоқ. Барикалық құрылымдардың әрекеттесуі мен бұлттылық жүйелерінің қалыптасуында, жауын-шашынның түсуінде ауытқушылықтар тіркелмеді. Маусым-шілде айларында түскен жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық норма шамасында немесе одан төмен болғаны жазылған.

Синоптикалық талдаулар 2024 жылдың мамыр-шілде айларында Қазақстан аумағында циклондық белсенділік басым болғанын көрсетсе керек.

«Мамыр айында (04-08, 13-14, 16-22, 24-25 мамыр) Оңтүстік Каспий және Оңтүстік циклондардың Қызылорда облысының аумағынан жиі өтуі нәтижесінде 0,1-ден 12 мм-ге дейін жауын-шашын байқалды. Ал 5 мамырда түнде облыстың орталығында 19-27 мм шамасында қарқынды жауын-шашын тіркелді. Маусым айында Оңтүстік және Атлантикалық циклондардың ықпалына байланысты 06-09 және 22-30 маусымда 0,1-ден 4 мм-ге дейін жауын-шашын түсті.

Шілде айында (01-22 шілде) облыс аумағы баяу қозғалатын Оңтүстік циклонның ықпалында болды. Сонымен 06, 08 және 10-20 шілде күндері 0,1-ден 13 мм-ге дейін жауын-шашын түсті.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласында түскен жауын-шашын табиғи синоптикалық жағдайлармен байланысты болғанын және 10 күнге дейінгі дәлдікпен алдын ала болжанғанын атап өткен жөн», — деп жазады синоптиктер.

Қазгидромет жауабынан бұл жазда Солтүстік Аралдың суы аспаннан түскен жауынның әсерінен емес, Шардарадан келген судың есебінен молайғанын түсінуге болады.

«Қаратерең ауылының гидробекетінде тіркелген мәлімет бойынша биыл Солтүстік Арал теңізіне Сырдария өзені арқылы, бірінші жарты жылдықта 1 млрд 138 млн текше метр су келіп түскен. Бұл көпжылдық мәліметпен салыстырғанда 33% төмен. Аталған бекеттің көпжылдық мәліметтері бойынша жылдық су көлемінің төмендеу тенденциясы байқалады.

Солтүстік Арал теңізінің су деңгейіне келер болсақ, маусым айында орташа су деңгейі 4118 см болды. Бұл – өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда 4 сантиметрге, көпжылдық мәнмен салыстырғанда 93 сантиметрге төмен», — делінген жауапта.

«Қазгидромет» мамандары Арал өңірі сияқты шөлейтті аумақтың атмосферасынан қолдан жаңбыр туындату мүмкін емес екенін айтады.

«Арал маңы континенталды климатпен сипатталатын, құрғақ әрі ылғал тапшы аймақ болып есептеледі. Жылдық жауын-шашын мөлшері 100-130 мм шамасында болса, жылдық буланушылық мөлшері одан ондаған есе жоғары, яғни 1250-1450 мм. Бұл өз кезегінде жауын-шашын есебінен үлкен аумақты су ресурстарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін шектейді.

Атмосфералық процестер өте күрделі болғандықтан, жауын-шашын мөлшерін қолдан арттыру үшін сәйкес климаттық потенциал қажет. Арал өңірінде ондай потенциал аз. Қазақстандық ғалым-метеорологтердің жүргізген зерттеулеріне сәйкес, елдің тек солтүстік аймақтарында ғана бұлттардағы су қорының жауын-шашын мөлшерін арттыруға жеткілікті потенциал бар. Ал қалған аймақтарда бұл көрсеткіштер мардымсыз. Бұл мәліметтер профессор, география ғылымдарының докторы А.В. Чередниченконың «Қазақстан климатының өзгеруі және қол жетімді бұлт су қорлары есебінен бейімделу мүмкіндіктері» атты монографиясында көрсетілген (Монография. Бішкек: Илим, 2009. – 260 б.).

Ресей мен АҚШ-та жүргізілген эксперименталды зерттеулер қазіргі технологияның мүмкіндіктері табиғи жауын-шашын мөлшерін 10-15% ғана арттырылатынын дәлелдеген», — делінген «Қазгидромет» қорытындысында.

«Қазгидромет» орталықтың маманы Нұрлан Абаев жауын-шашынды қолдан жасау бойынша технологияларды қолдану мүмкін бе, жоқ па, сол жайлы айтып берді. Ол атап өткендей, мұндай технологиялар өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап белгілі болған және бүгінгі таңда бұлтты қолдан жасау арқылы, жауын-шашынның  мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Алайда жауын-шашын жаумайтын жерлерде қолдан жаңбыр жасау мүмкін емес.

«Бұлттарды немесе ылғалды ауа массасын ұзақ бір жерден екінші жерге «айдау» іс жүзінде мүмкін емес. Яғни, нақты бір облыста жаңбыр болып жауатын бұлттардың жиналғанын біле тұра, бұл бұлттарды көбейтіп, жауын-шашын мөлшерін арттыруға болады. Түрлі ғалымдардың зерттеулері бойынша, егер бұлттарға дұрыс әсер ететін болса, онда жауын-шашын мөлшерін 10-15% -ға ұлғайтуға болады», — деп атап өтті ғалым.

Сонымен қатар, ол жауын-шашын көлемін аз ғана мөлшерде ұлғайтуға болатынын, бірақ үлкен көлемде- мүмкін еместігін атап өтті.

Сондай-ақ әлемде жаңбыр бұлттарын қалыптастыру технологиясы жоқ екенін хабарлады. Егер шөлде жаңбыр жауса, онда оған табиғи жағдайлар ықпал еткендігінен.

«Табиғи процестерде болатын өте үлкен, жаңбыр жауатын бұлтты жүйелерді құру мүмкін емес. Яғни, қазіргі таңда адам табиғаттың алдында өте әлсіз. Біз табиғатпен бәсекелесе алмаймыз. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар күрделі , ал олардың нәтижелері күмәнді болуы мүмкін. Кез келген эксперименттің белгілі бір нәтижесі болады, белгілі бір салдарға қатысты сарапшылардың қорытындысы жасалады», — деп түйіндеді өз сөзін Нұрлан Абаев.

Айта кетейік, Қазгидрометтің мәліметінше, осы аптаның соңына қарай Қазақстанда ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде, осыған байланысты республиканың басым бөлігінде синоптиктер жауын-шашын болады деп күтілуде.

Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық циклон өтіп, жаңбыр жауады деп күтілуде. 30-31 шілдеде шығыста, 31 шілдеде оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр жауады. Еліміздің оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде ғана жауын-шашынсыз болып, ауа райы жылы болады, деп хабарлайды «Қазгидромет» орталығы.

Сонымен қатар республиканың барлық аумағы бойынша ауа температурасы күндіз батыста, солтүстік-батыста 25-41 градусқа дейін, солтүстікте және шығыста 23-33 градусқа дейін, орталықта 25-37 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжануда.

Соңғы жаңалықтар