Осыдан 35 жыл бұрын 1989 жылғы 20 мамырда Алматы қаласында тарихтағы ірі техногендік сипаттағы апат орын алды. Ондаған құрбандар, өртенген үйлер мен қираған техника.
«Алматы-2» темір жол вокзалының кіреберіс жолдарында екі маневрлік тепловоздар соқтығысқан, соқтығыс салдарынан газ толтырылған 6 цистернаның 1-уі зақымдалып, нәтижесінде отқа оранып, жалындаған өрт екінші цистернаны қыздырып жібереді. Қатты қызу салдарынан жойқын газ жарылысы орын алды. Үш жүз метрге дейін көтерілген өртті шар маңайындағыларды толықтай жауып тастады.
Өрт сөндірушілер өздерінің батырлығы мен батылдықтарының арқасында, жеке құрамдағы қайтара алмайтын шығындарға қарамастан, газ толтырылған төрт цистернаны қауіпсіз жерге апарып, оқиға орын алған жерге жақын орналасқан үй-жайларды өрттен қорғап, қаламыздың көптеген азаматтарының өмірлерін сақтап қалды. Өрт сөндірушілердің жанқиярлығы, олардың табандылығы, батылдығы мен кәсіпқойлығы өртті жеңіп шықты.
Алайда, бұл жеңіс оңайлықпен келмеді – тілсіз жаудан біздің 9 әріптестеріміз өрттен алған күйіктердің нәтижесінде қайтыс болды, олар өздерінің кәсіби міндеттерін мүлтіксіз орындады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жойқын өртті сөндіру кезіндегі жанқиярлық әрекеттері, батылдық пен ерліктері үшін батырлар: Ильшат Сафарғалиев, Расул Қасымов, Сейіл Әлімтаев, Ислам Абдранов, Фрид Шәріпов, Құралхан Аққулов, Еркін Ысқақов, Владимир Никуленко және және Михаил Маликовке қайтыс болғаннан кейін Қызыл Жұлдыз Ордені берілді.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын 20 мамырда Алматы-2 темір жол вокзалының кірме темір жолдарындағы өртті сөндіру кезінде қаза болған өрт сөндірушілерді еске алу құрметіне арналған шарада жаңадан жұмысқа қабылданған өрт сөндіруші-құтқарушылар салтанатты түрде ант қабылдайды.
Биылғы жылы, Алматы гарнизонының 50-ден аса жас қызметкері ант қабылдады.
Салтанатты рәсімді Алматы қаласы ТЖД бастығы полковник Нұрлан Атығаев ашты. Өрт сөндіру қызметінің құрметті ардагері Якупов Иляс Хисмятұлы құттықтау сөзін азаматтық қорғау қатарына қосылған жас қызметкерлерге арнады. Құрбан болғандардың рухына бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Іс-шараға өртке қарсы қызмет ардагерлері, сондай-ақ, қаза болған өрт сөндірушілердің балалары мен туыстары қатысты.
Қаза болған өрт сөндіруші батырлардың жасаған ерліктері Алматы гарнизонының өрт-құтқарушылары үшін мәңгілік қызмет көрсету үлгісі болып қала береді.