ҚР ТЖМ ақпараты бойынша, Қазақстанда осы жылдың басынан бері 7 515 өрт тіркелді, онда 251 адам қаза тапты, 217 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, уланды. 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттердің жалпы саны 7%-ға төмендеген кезде қаза тапқандар саны 20%-ға, жарақат алғандар саны 18%-ға өсті. Тұрғын үй секторында 4 мыңнан астам өрт орын алды, бұл олардың жалпы санының 58%-ын құрайды.
«Объективті талдау жүргізу мақсатында өңірлердің өрт қауіптілігі көрсеткіштері аумақта тұратын халықтың санын ескере отырып есептеледі және нәтижелер өрттер мен қаза тапқан адамдардың саны орташа республикалық көрсеткіштен 2-3 есе асқан Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында неғұрлым күрделі жағдай қалыптасқанын көрсетті», — деп хабарлады Ю. Ильин.
ТЖМ әлемнің неғұрлым дамыған елдерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерделеді, әлемдік өрт статистикасы талданды. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, өрт басталғаннан 5-6 минуттан кейін адам өлімі орын алады. Егер Қазақстан Республикасында адам өлімі әрбір 36-өртте тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 есе аз – 360 өртте 1 адам өлімі, Ұлыбританияда – 14 есе, Францияда – 27 есе аз.
ТЖ министрінің айтуынша, әрекет ету уақытын қысқарту үшін өртке қарсы қызмет объектілері желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Өртке қарсы қызметтің 18 объектісі салынып жатыр, оның 3-і республикалық бюджет есебінен, 15-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынуда. Сондай-ақ ЖСҚ әзірленген тағы 9 дайын жоба бар.
Өрт туындаған кезде көмекке мұқтаж азаматтарға ерекше назар аударылған көмек көрсету уақытын қысқартудың ұйымдастырушылық, шығындарды талап етпейтін әдістері іске асырылуда.
«2021 жылғы сәуір айынан бастап өртке қарсы қызметтің барлық бөлімшелерінде өрт туралы хабарламаларды өңдеу жүйесіне мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұратын жері туралы деректер енгізілді, бұл автоматты режимде құтқарушыларға объектіде азаматтардың әлсіз санаттарының болуы туралы ақпаратты жеткізуге мүмкіндік береді. Барлығы жедел құжаттарға мүмкіндігі шектеулі 94 мың адамның деректері енгізілді», — деді ТЖМ басшысы.
Өртті ерте анықтауға, адамдарды құлақтандыруға және тиісінше олардың қауіпті аймақтардан уақытылы шығарылуына арналған халықты «пассивті» қорғау жүйелерін белсенді енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қанша қабатты екеніне қарамастан барлық көп пәтерлі тұрғын үйлерді өрт автоматикасымен жабдықтаудың міндеттілігі, жылу және түтін хабарлағыштарын қолдану орындарын белгілеу, сондай-ақ барлық газдандырылған үй-жайларды газ талдағыштармен жарақтандыру тұрғысынан сәулет және қала құрылысы саласындағы 8 нормативтерге тиісті толықтырулар әзірленді. Биылғы 27 сәуірде аталған өзгерістер Құрылыс және ТКШ істері комитетінің бұйрықтарымен бекітілді.
Юрий Ильин азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жекелеген проблемалық мәселелері тұрмыстық газды пайдалануға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу екенін атап өтті. Мәселен, жыл басынан бері тұрмыстық газ тұтынушылар нысандарында 51 оқиға орын алып, 88 адам зардап шекті, оның 16-сы қаза тапты.
Газ техникалық инспекциялары қызметінің құқықтық негізін қамтамасыз ету үшін «Азаматтық қорғау туралы» заңға газ техникалық инспекцияларының қызметкерлеріне газ тұтыну жүйелеріне қызмет көрсететін ұйымдарды бақылау бойынша құзырет беретін тиісті түзетулер енгізілді. Қазіргі уақытта осы бақылау саласындағы сын-қатер дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту бойынша рәсім жүргізілуде.
Тұрмыстық газ баллондарын пайдалануды тиімді бақылау мәселесін заңнамалық реттеу бойынша жұмыс жалғасуда.
«Ескі және мерзімі өткен баллондарды пайдаланатын халықтың қауіпсіздік талаптарын бұза отырып, жақын маңдағы автогаз құю станцияларында өз баллондарын әдеттегі түрде толтыруы жағдайды қиындатып отыр», — деді төтенше жағдайлар министрі.
Республика аумағында бүгінгі күні еліміздің қалалары мен өңірлерінің аудандарында тұрғын үй (газ-техникалық) инспекцияларын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары толық аяқталды. Сонымен қатар бірқатар әкімдік штаттық бірліктердің жетіспейтіндігін және инспекторлардың арнайы білімінің жоқтығын атап өтті.
Бұл мәселені шешу үшін Министрлік алғаш рет М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының базасында биылғы қыркүйек айында газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылау функциясын жүзеге асыратын әкімдіктердің 200-ден астам маманы үшін онлайн-курстар өткізді.
Тұрғындар, барлық жастағы және әлеуметтік топтар арасында өрт мәдениеті деңгейін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. 15 тамыздан бастап ТЖМ бөлімшелері халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша республикалық өрт қауіпсіздігі акциясын өткізіп жатыр.
Әлеуметтік қорғау органдарының ақпараты бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының 107 мыңнан астам тұрғын үйі есепке қойылды, оларды аралау жұмыстары аяқталды. 2 мыңнан астам үйдің тұрғындары тексеру мен кеңес беруден бас тартты. Осы санаттағы азаматтардың тұрғын үйлері бойынша рейдтер қайтадан қараша және желтоқсан айларында жүзеге асырылады.
24 мыңға жуық тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 56 мың фактісі анықталды, оның 26 мыңнан астамы сол жерде жойылды. Осы жылдың аяғына дейін 1,5 млн-нан астам жеке тұрғын үйді аралау көзделген.
«Жазғы кезеңде жеке тұрғын үйлерде әртүрлі спектрлі 6 944 датчик орнатылған. Соңғы 3 жылда әкімдіктер мен демеушілер есебінен тұрғын үйлерде 124 мыңнан астам автономды датчиктер орнатылды, олардың іске қосылуы өткен жылыту кезеңдерінде 140 азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік берді», — деп атап өтті Ю. Ильин.
Азаматтарға тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын жеткізудің ең қолжетімді тәсілі кең ауқымды үгіт-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып қала бермек. Өрт қауіпсіздігі желісі бойынша насихаттау сапасын арттыру және ТЖМ неғұрлым проблемалы бағыттарына басты назар аудару мақсатында өңірлерде акцияларды жүзеге асырудың орталықтандырылған кестесі әзірленді. Сәуір-тамыз айларында барлық өңірде ТЖ департаменттері 7 ауқымды акция өткізді, онлайн режимінде 1 400 сабақ, 1 мың дәріс, нұсқаулық ұйымдастырылды. Биылғы IV тоқсанда «Әр үйге қауіпсіздік!», «Улы газдан сақтан», «Қауіпсіз Жаңа жыл», 3 ауқымды акция өткізу жоспарда бар.
«Тиімді өрттің алдын алу жұмыстарын тек өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күшімен жүргізу жеткіліксіз. ТЖМ осы жылы өрттердің алдын алу ісінде ерікті өртке қарсы құралымдардың рөлін арттыру мәселесіне бастамашылық етті, 47 өртке қарсы ерікті құралымға әділет органдарында тіркей отырып, қоғамдық бірлестіктердің ресми мәртебесі берілді, бұл әкімдіктерге оларды қоғамдық-маңызды міндеттерді орындауға белсендірек тартуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Юрий Ильин.
Өрт сөндіру еріктілігін жандандыру әсіресе ауылдық жерлерде өрттердің алдын алу және сөндіру міндеттерін орындау үшін ТЖМ мен әкімдіктердің тиімді резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ҚР ТЖМ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағында 2021-2023 жылдарға арналған өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету» кешенді жоспары әзірленді.
Кешенді жоспарға өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттаманы әзірлеу және қабылдау жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ жобалау мен құрылыстың барлық кезеңдерінде, ең алдымен тұрғын үй қорында өрт қауіпсіздігіне бақылау енгізу, ақпараттық-түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жетілдіру туралы мәселелер кірді. Сонымен бірге газ-техникалық қызметтерді дамыту, баллондардағы газды сату мәселелерін заңнамалық реттеу мәселелері енгізілді.
«Кешенді жоспардың бұл жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және барлық өңірдің әкімдіктерімен келісілді. Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау құжаттарына қойылатын талаптардың өзгеруіне байланысты аталған Кешенді жоспар Жол картасы форматында қайта өңделді, оны қайта келісу рәсімі жүргізіліп жатыр», — деді ол.