Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысты. Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келген өңір басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Кәсіп ашып, табыстарын арттыруға кеңес берді.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінген.
Жетісай ауданында төрт түлікті көбейтіп, ауыл шаруашылығына бет бұрған еңбеккерлердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Облыс әкімі Қарақай ауылдық округіндегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алған шағын отбасылық сүт фермасында болды. 7 млн. теңге көлемінде несие алған ауыл тұрғыны 30 сауынды сиыр сатып алған. Ол жылына 33,5 тонна сүт сатуды жоспарлап отыр. Қазақтың ақбас сиырын өсірген тиімді екенін білетін шаруа алдағы уақытта асыл тұқымды сиыр сатып алмақшы. Осылайша мүйізді ірі қараның өнімділігін арттыруды көздеп отыр.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 10,3 млрд. теңгені құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд. теңгені құрайтын 1 жоба мақұлданды. 2 млрд. теңгені құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, бағдарламада бекітілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты 272 жобадан бас тартылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.
«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды.
Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, егін, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының мақталық алқабында болды.
500 гектарға жуық жерде мақта, жүгері, жоңышқа және бақша дақылдары егілген. 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығында диқандармен кездескен Д.Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ағын суды үнемдеу, тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу жөнінде пікір алмасты.