Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев «Қазақстанда локдаун уақыты созылуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жағдай нашарласа, мәселе Ведомствоаралық комиссияға шығарылады. ВАК мұндай шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ әзірге мәселе қарастырылып отырған жоқ», — деп түсіндірді Ержан Байтанаев.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі 8 наурызда және мереке күндері карантин шараларының бұзылуына байланысты елорда мен Алматыда вирус жұқтыру өскені байқалғанын атап өтті.
«Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерінің шешіміне сәйкес 18 наурыздан бастап бізде карантин режимі күшейтілді және 21 наурыздан бастап жексенбіде толық локдаун енгізіледі. Оның қанша уақытқа созылатыны бізге, біздің санитар дәрігерлердің талаптарын қаншалықты сақтайтынымызға байланысты», — деп қосты ол.
Бұған дейін елдің бас санитар дәрігері Наурыз мейрамын қалай тойлау керегін айтқан болатын. Кейін қазақстандықтарға үндеу жасады.