#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Арқалықтағы боксит кеніші жабылды

Арқалық қаласындағы ERG құрамына енетін «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасы өз жұмысын тоқтатты.

Арқалық қаласындағы ERG құрамына енетін «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кен басқармасы өз жұмысын тоқтатты. Бұл туралы  наурыздың 15-і күні Еуразиялық топтың корпоративтік коммуникациялар департаменті ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап. 

Алайда кен орны жабылғанымен, өндіріс нысандарындағы тіршілік тоқтап қалмайды, кәсіпорын жұмысшыларының көбі Еуразиялық топқа қарасты басқа кен орындарына орналастырылды. Қалған кеншілер бұған дейін өндірілген отқа төзімді сазды тиеп жөнелту, техника мен жабдықтарды демонтаждау және ғимараттарды күзету жұмыстарын атқара бермек. Қазір ТБКБ активтерін қайтарымсыз негізде Арқалық қаласы әкімдігінің балансына және жергілікті кәсіпкерлердің меншігіне тапсыру жұмыстары жүріп жатыр.

Арқалық боксит кенішінің тарихы сонау 1956 жылдан бастау алады. Нарықтың алғашқы жылдары тұралап, жабылуға шақ қалған  кәсіпорынды 1994 жылы Арқалыққа инвестор болып келген ERG қайта жандандырған болатын. 1996 жылдың тамыз айында Торғай боксит кен басқармасы «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамына қарап, Еуразиялық Топтың құрамына енді.

ERG 26 жыл бойы өз міндетін мүлтіксіз атқарып келді: еңбекақы, салықтар тұрақты төленіп, көптеген әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды.

Кеніш 60 жыл ішінде 1,5 млрд м³ тау кен массасын игеріп, одан 80 млн тоннадан астам боксит пен 20 млн тоннадан астам отқа төзімді саз алды.

— Торғай боксит кен басқармасын жабу туралы шешім қабылдау бізге оңай болған жоқ. ТБКБ – еліміздегі алюминий дивизионының негізін қалауға бастау болған кәсіпорын. Алайда кеніштегі қор толық игеріліп, сарқылды. Сондықтан біз 2017 жылдан бастап, кәсіпорын жұмысын тоқтату ісін қолға алдық және бұл шешімге аса жауапкершілікпен қарадық. Кеніш бірден жабыла салған жоқ: 2016 жылдың өзінде боксит пен отқа төзімді саздың өндіріс көлемі 2 есеге азайған. Өзіміздің миссиямыз бен құндылықтарымызды басшылыққа ала отырып, біз қызметкерлерімізді далада қалдыруды жөн көрмедік. Осыдан төрт жыл бұрын әріптестерімізді басқа жұмыстарға орналастыру және кәсіпорын активтері мен жер қойнауын қалпына келтіру ісімен қатар айналыстық, — деді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов.

2020 жылдың бірінші қаңтарындағы мәлімет бойынша, Торғай боксит кен басқармасында 681 адам жұмыс істеген. Бұл  — ERG кәсіпорындары қызметкерлерінің 1%-ы немесе 41 мыңнан астам халық тұратын Арқалық тұрғындарының 1,4 пайызы. Кен басқармасының өкілдері әуелі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп әлеуметтік зерттеу жүргізіп, жұмысшылардың  кеніш жабылғаннан кейінгі жоспарын сұрастырып білгендерін айтты. Осылайша, оларға «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеру курстары ұсынылған. Нәтижесінде, ТБКБ қызметкері Виктор Суровцев жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Аrqalyqremserviс» серіктестігін ашып, 87 кеншіні жұмыспен қамтыған.

— Мен ERG тарапынан қолдау таптым. Жаңадан құрылған «Аrqalyqremservic» ЖШС бүгінде тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Тек маған ғана емес, мұнда бұрынғы әріптестеріме де жұмыс табылды. ТБКБ жабылғанымен жұмысшылар әдеттегі жұмысын жалғастыра береді, — деді Виктор Суровцев.

Кәсіпкерге қолдау көрсеткен Еуразиялық топ жөндеу мехникалық жабдықтары учаскесінің негізгі ғимараты мен асханасын, сегіз техникасын «Аrqalyqremservic» ЖШС иелігіне қайтарымсыз бергенін де айта кеткен жөн.

Боксит кенішінің тағы бір қызметкері Жанат Киікбаев арнайы оқу курсын тәмамдаған соң, техникалық қызмет көрсету бекетін ашу үшін 5 млн теңге грант қаржысын ұтып алды.

Мұның сыртында, былтыр Арқалық қаласында кеншілер үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қаладағы 15 компания мен өзге өңірлердегі ERG кәсіпорындары жұмыссыз қалғандарға жаңа жұмыс орындарын ұсынған. Осының нәтижесінде 84 маман жаңа жұмысқа орналасса,  123 адам ERG-ге қарайтын Краснооктябрь боксит кен басқармасына, Сарыбай кен орын мен Шұбаркөл көмір, Павлодар алюминий зауытына ауысты. Жаңа жұмыс орнына ауысқандардың бірі — Асқар Смағұлов. Кезінде ТБКБ-да жүк қызметінің бастығы міндетін атқарған маман қазір Краснооктябрьде вахталық әдіспен жұмыс істеп жүр.

— Еңбек жолымды осы кәсіпорында 2002 жылы тау-кен жабдығын жөндеу жөніндегі темір жонушы болып бастағам. Өмір бойы осы салада еңбек етуді армандадым. Жер қойнауынан пайдалы қазбаны өндіру процесі ұнайды. Мұны алып техникалардың жұмысын көзбен көрген адам ғана түсінеді. Кен басқармасы жабылған соң сүйікті кәсібімнен біржола қол үзіп қаламын ғой деп ойлаушы едім. Алайда  компания біздің өмірлік кәсібімізден ажырап қалмауымыздың қамын ойластырып қойыпты. Қазір кеншілік жұмысымды жалғастырып жатырмын, — деді Асқар Смағұлов.

Біржола жабылған Торғай боксит кеніші 326 жұмысшымен еңбек келісім шартын тоқтатып, 126 қызметкерді кен басқарамасындағы өндірісті аяқтау жұмыстарына қалдырған. Компания 180 гектар жерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Өндіріс аумағындағы 75 гектар жерді  «Аrqalyqremserviс» компаниясы өңдеп, қалпына келтірмекші.

Кәсіпорын өз активтерін Арқалық қаласы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің балансына тегін беруді көздеп отыр. Мәселен, кен басқармасының ғимараты жөнделіп, онда аймақтық аурухана ашу жоспарланған. Бұдан өзге тағы бес ғимарат кәсібін кеңейткісі келіп отырған «Алюминстрой» серіктестігі мен бірнеше  жеке кәсіпкерге берілмек. Ал теміржол жабдығын жөндеу учаскесі қазір оны жалға алып отырған «Аrqalyqremservic» серіктестігінің иелігіне тегін өтеді.

Соңғы жаңалықтар