Қазақстанда ажырасудың 20 пайызына бедеулік себеп болған. Бұл туралы сенатор Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда елдегі ажырасу мен неке санының арақатынасы 40 пайыз. Ерлі-зайыптылардың 20 пайызында ажырасу себебі бедеулік болып отыр», — деді депутат премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың ең көп кездесетін салдарының бірі — бедеулік.
«Қазақстанда жасөспірімдердің туу коэффициенті ЭЫДҰ елдеріне қарағанда айтарлықтай жоғары. Бізде 15-тен 19 жасқа дейінгі 1000 қызға шаққанда туу көрсеткіші 23 жағдай болса, ЭЫДҰ елдерінде төртеу. Соңғы үш жылда осы жас тобында АИТВ инфекциясының жаңа жағдайлары 43 пайызға өсті. Әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі жасөспірімдердің тек тоғыз пайызы АИТВ-ның берілу жолдары туралы жан-жақты білетінін, 60 пайызы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын-алу әдістерін білмейтінін, ал ауыратын жастардың 62,6 пайызы өз бетінше емделетінін көрсетті», — деді депутат.
Депутаттың айтуынша, 2020-2025 жылдардағы жастар орталықтарын қаржыландыру көлемі жылына 1,37 миллиард теңге, бұл 15-24 жас аралығындағы бір пациентке айына 48,8 теңге деген сөз.
«Барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада заң жағынан дербес жастар денсаулығы орталықтарын құра отырып, халықаралық стандарт негізінде жастарға қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру және оның қолжетімді болуы үшін жағдай жасауды қарауды сұраймыз. Бұл толыққанды және сапалы медициналық көмек көрсету, жастар арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру, қаржыландырудың тиісті көлемін қарастыру үшін қажет», — деді сенатор Маминге.