Мемлекет басшысы өз сөзінде қайырымдылық пен волонтерліктің пандемия кезінде жалпыұлттық сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айналғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан әр азаматқа ризашылық білдірді.
– Асар деген ата дәстүрімізді сақтап келе жатқанымыз қуантады. Пандемия кезінде де еріктілер аянбай еңбек етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар күндіз-түні дәрігерлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетпен күресті. Қайырымды жандар ортақ іске жан-жақты қолдау білдірді. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі бастамаға мыңнан астам азамат қаржылай үлес қосты. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Мұның бәрі – елдіктің және береке-бірліктің жарқын көрінісі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдығы деп санайды. Волонтерлік іспен айналысу – патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі. Мемлекет басшысы жариялаған Волонтер жылы азаматтарымыздың көпшілігін қайырымды іс қозғалысы төңірегіне топтастырды. Қазақстандықтардың ұсынысы бойынша жасалған көптеген қайырымдылық және волонтерлік жобалар – соның дәлелі.
– Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл жақсы нәтиже деп есептеймін. Баршаңыздың бұған елеулі үлес қосқандарыңыз сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еріктілердің, қайырымдылық қорлардың пандемияға қарсы күрес кезінде үлкен рөл атқарғанын ескере отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық күнін жариялау туралы ұсынған бастамасы қолдау тауып, жүзеге асатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту ісінде озық халықаралық үрдістерден қалып қоймайды. Волонтер жылы осы бағытқа тың серпін берді.
– Волонтерлік қызмет осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені волонтерлік қызмет мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаттарымен үндесетін болғандықтан, бұл – рухты көтеретін, халықтың мұң-мұқтажын бөлісетін қозғалыс, – деді Президент.
Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша түсінікті әрі тиімді құқықтық механизмдерді қамтитын Қайырымдылық туралы заң әзірленуде.
– Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар өздерінің еңбек етуіне, соның ішінде мемлекетпен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайтын заң жүзінде шынайы мәртебеге ие болуы тиіс. Үкіметке бұл мәселені пысықтау тапсырылды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің, инфрақұрылымды пайдаланудың, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің нақты тетіктерін әзірлеудің мәні зор. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер мәселесі де маңызды, – деді Президент.
Бүгінде қайырымдылық жобаларға бағытталған ірі бизнес табысын 3% және шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Бірақ шағын және орта бизнес бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жағдайға талдау жасап, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуге тапсырма берді. Бизнестің қайырымдылыққа қаржы аударуы ыңғайлы әрі тиімді болуға тиіс.
– Қайырымдылық қорларға қаржы түсуінің және оның әрі қарай жұмсалуының ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта күңгірттікке жол бермеу керек. Қазір қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру бастамасы іске асырылуда. Бұл міндеттің барынша нақты орындалуына мүмкіндік жасаған жөн. Қайырымдылық жобалар арқылы өтетін барлық қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жеке қайырымдылықтың барлық түрі дамуы керек деп санайды. Әр адамның бастама көтеріп, өз қаржысын қайырымдылық мақсатқа бөле алатын жүйе құрылуға тиіс.
– Өкінішке қарай, тиісті ақпараттық жұмыстар талапқа сай жолға қойылмаған, адамға сенім ұялататын тетіктер жасалмаған. Кейде бұқаралық ақпарат құралдарынан азаматтарымыз кімге және қалай көмектесуге болатынын білмейді деген ақпаратты естіп қаламыз. Ал егер азаматтарымыз мұндай жұмыспен айналысатын болса, олардың қайырымдылық қаржысы қай мақсатқа пайдаланылатынын нақты білу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Онлайн форматта өткен кездесуде «Birgemiz» қоғамдық қорының басқарма төрағасы, «Қазақстандық «Уақып» қоры» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Руслан Сақиев, «Kaspi.kz» компаниясының басшысы Михаил Ломтадзе, «BTS Digital» ЖШС-нің басшысы Нұртай Әбілғалиев, «Дара» жеке қорының атқарушы директоры Айнұр Аймұрзина, «Мен алматылықпын» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Константин Авершин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, волонтер Наргизам Махмудова сөз сөйледі.
Олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қайырымдылық саласын дамытуға ынталандыру, қайырымдылық қызметтің ашықтығын, волонтерлердің рөлін арттыру және волонтерлікті дамыту мәселелеріне байланысты ойларын ортаға салды.
Мемлекет басшысы Үкімет жанындағы Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған барлық мәселені, бастамаларды пысықтауға, сондай-ақ, Қазақстан заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді кешіктірмеуге тапсырма берді.
Кездесу соңында бірқатар азамат пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін «Халық Алғысы» медалімен марапатталды.