«Қазығұрт тауында атап өтілетін Наурыз мерекесінің театрландырылған қойылымдарына 300 жылқы, 500 көгершін мен түйелер қатыстырылады. Қазіргі таңда Атбұлақ ауылында «Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз» мерекесіне орай 40-тан астам киіз үй тігіледі», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі ОҚО Мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір Қазығұрт тауының етегіндегі аталған этноауыл мен оған кіреберіс тұста арнайы қақпа орнатылып, алтыбақандар мен ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілетін арнайы сахналар қойылуда. Бұл алаңшаларда ұлттық ойындар өткізіліп, қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал салтанатты мерекелік іс-шара өтетін үлкен сахна Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес үлгіде жасалынуда.
Естеріңізге салар болсақ, биыл Оңтүстік Қазақстан облысының Әз Наурыз мейрамы киелі Қазығұрт тауының етегінде атап өтіледі.
Мерекелік думан 21 наурыз күні сағат 11.00-де ауқымды концерттік бағдарламамен шымылдығын түрмекші.