#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Көркем ниет – өркениет мәйегі

Өркениет көркем ниеттен басталады. Өрелі өркениетке бастаған сондай көркем ниеттің бір көрінісі – ғұлама әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұнның шығармалары екені анық.

Бұл тұста отырарлық ғұлама ислам философиясы арқылы бірнеше мәдениетке ықпал етіп, адамзат өркениетінің өрісін кеңейтсе, таза түркі тілінде жазған баласағұндық бабамыз түркі-ислам өркениетінің қалыптасуына қызмет етті. Осы бұлақтардан сусындаған Абай да араға ғасырлар салып, қазақ өркениетінің негізін қалады.

Ықылым заманнан бері түпкі өркениетіміздің тұма бастауында тұрған Білге, Күлтегін, Тоныкөк жырлары түркі елінің ту көтеріп, тұғырлы мемлекет орнатып, ұлыстың іргесін бекітіп, ынтымағын ұйыстырған ерен ерлігін жыр етсе, мұсылмандық дәуірде хатқа түскен «Құтадғу білік» дастаны ислам мәдениетін игеріп, жаңа белеске беттеген халқымыздың қоғамдық-ой санасындағы рухани құбылыстар мемлекеттік жүйе тұрғысынан сараланып, сыршыл суреткерлікпен бедерленеді. Сондықтан Баласағұн дастанында адамның ішкі жан дүниесі, рухани кемелдену жолдары, этикалық-моральдық құндылықтар, адам мен мемлекеттің, патша мен халықтың қарым-қатынасы, қоғамдағы түрлі топтардың мінез-құлқы, ой-танымы білгірлікпен жырланады. «Құтадғу білік», яғни «Құт әкелетін білім» деп дастанның аты айтып тұрғандай, шығарманы «Бақытқа бастайтын білім» немесе «Кемел кісілік кітабы» деуге болады. Осы орайда айта кетерлік бір жайт, біздің бағзы бабаларымыз білімді Құт санап, оны Тәңірдің тартуы деп қабылдаған. Сондықтан ол жүректің басшылығымен ізгілікке қызмет етуі тиіс. Бұл ретте назар аударарлық жайт, білім, білік сөздері – біздің төл сөздеріміз, бұл түркі сөзі кейін «ілім» болып араб тіліне енген. Сол сияқты тасқа қашалған біліктің мәңгілік көзі бітіг сөзі де араб тіліне кітап болып енген. Көне түркіден араб, парсыға еніп, кейін тілдік қазынамызға қайта оралған мұндай сөздер аз емес.

Хас Хажиб дәрежесіне көтерілген Жүсіп ғұлама мемлекеттің гүлденіп дамуы үшін жеке адамның жетілуін, сонымен бірге мемлекеттің тізгінін ұстаған патша мен оның бұқара халқының әрбір мүшесінің тиісті міндеттері қапысыз үйлесім тауып, жарасымды қызмет етуі шарт екенін ғибрат ете отырып, «мемлекетті ізгі адамдар басқаруы тиіс» деген қорытынды жасайды. Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатындағы әлеуметтік-философиялық қағидаттар «Құтты білікте» де өрнекті өлеңмен кестеленіп, түркі халықтарының дәстүрлі қабылдау түсінігіне икемделіп, тартымды туындыға айналады. Әлеуметтік өткір мазмұн, мемлекеттің түзімі, қоғамның түрлі топтарының мінез-құлқы, адамдардың әдебі, арман-мұраты дастанның өміршеңдік сипаты мен салмағын арттырып, кітап сол замандағы билік иелерінің рухани тұғырнамасы болды. Жалпы, қазір де мемлекеттік қызметте жүргендер осы шығарманы оқыса, көп нәрседен ұтар едік деп ойлаймын. Сондықтан Қазақстан Президентінің қазір оқып жүрген кітаптары арасынан «Құтты білікті» көргенімізде қуанып қалғанымыз жасырын емес.

Абай бұл туындыны оқыған, сондықтан хакімнің толық адам туралы тұжырымының бастауында «Құтты білік» тұр. Ақын шығармаларындағы елдік сана, әлеуметтік өткір сарын, сыншылдық, қазақ қоғамы мінез-құлқының мүсіні, этикалық-моральдық тұжырымдар, адамның рухани жетілу сарындары Баласағұн дастанының ой-толқынымен сабақтасып жатады. Баласағұндық ғұлама мемлекет пен патшаның, бек пен уәзірдің образын сомдаса, Абай елдің ынтымағы мен тұрмыс-тіршілігінің шырқын бұзған болыстық жүйенің ауыр зардаптарын сын тезіне алып, арызқой, парақор, елді ірітуші болыстардың сиқын әшкерелейді.

Арасын ғасырлар бөліп жатқан қос ойшыл шығармаларында ақыл мен парасат, қанағат пен махаббат, әділет пен шапқат, еңбек пен қайрат, білім мен талап  секілді адамның асыл қасиеттерін дәріптеп, надандық пен екіжүзділік, еріншектік, өсек, өтірік, мақтаншақ, мал шашпақ сынды жағымсыз қылықтарын сынайды.

Түптеп келгенде, ұлылар үндестігі ғасырларды бір-біріне жалғап жатқан құтты керуен секілді. «Бақыт дегеніміз – шексіз мейірбандылық» деп, «Қайырымды қала тұрғындарының» иесі дана Хакім екенін тұжырымдаған әл-Фараби, мемлекет иесі Күнтолды арқылы әділеттің рәмізін мүсіндеген Жүсіп Баласағұн, «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?», деп тұлғаның тұғырын биіктеткен Абай иірімдерінің тұңғиығы ұрпақ санасын шыңырауға бойлата береді.

Жаһанды шарпыған індетпен бетпе-бет қалған адамзат қазір өркениет туралы толғам түсінігін қайта қарауда. Құндылықтар қайта таразыға түсіп, өркениеттер өзгеретін бұл сын сәтте біз де қарап қала алмаймыз. Біздің бір ұтатынымыз, құбылмайтын қыбыламыз бар. Тек оған деген көркем ниетіміз болса…

  Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Egemen Qazaqstan 

 

Соңғы жаңалықтар