Шымкент – еліміздің оңтүстігіндегі ең шырайлы қала. Алдағы уақытта Шымкент қаласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 1,5 миллион гектар болатын Шымкент агломерациясы іске асырылады. Мұндағы мақсат – қала аумағына кіретін елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық һәм инфрақұрылымдық мәселелерін шешу.
Қуатжан Жұматаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Көлік тығынын азайту мақсатында Қонаев көшесін басты магистраль артерия ретінде ары қарай жаңа жол етіп соғу жобасын жасаудамыз. Ал келер жылдан бастап шаһардағы барлық қоғамдық көліктер электронды билетке көшіріледі.
Сондай-ақ қаланың дамуына салынып жатқан тұрғын үйлердің де үлесі зор. Өңірде жыл басынан бері 277 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Оның 104 жеке құрылыс салушылар есебінен. Тұрғындарды баспанамен қамтуда қалада «Шымкент Сити» жобасының орны бөлек. Мұнда жалпы саны 324 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады.
Әбілсейіт Рабаев, қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:
– Өткен жылы біз 239 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қоссақ, биыл 457 мың, яғни екі есе көп шаршы метрді іске қоспақпыз. Шымкент елімізге инвестиция тартудан көш бастады. Тәуелсіздік алғалы бері аймаққа 3 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылып жатқан әрбір бесінші кәсіпорын оңтүстікке тиесілі. Сонымен қатар мегополис атанғандықтан, қала бюджеті де еселене түспек.
Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары:
– 2019 жылы бюджетіміз 137 млрд-тан 183 млрд-қа жетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар Шымкент демографиялық тұрғыдан да алдыңғы қатарда тұр. Қазақстанда өмірге келетін әрбір төртінші сәби Шымкентте туылады. Тәуелсіздік алған жылдары Шымкент қаласының аумағы 13 мың гектар болса, қазір 117 мың гектардан асады. Ал соңғы 10 жылда Шымкент халқының саны 45 пайызға өсті. Мәселен, 2008 жылы халық саны 545 болса, биыл 1 млн-ға жетті. Елбасы да «Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тарататын жаңа орталық болады.
Демек Шымкент қаласы болашақта бұдан да әрі гүлденіп, дами бермек.
Дереккөз: 24.KZ