«Бəйтерек» сөзін мəселе етіп көтеру себебім, ТОО «Алмол» (ШинЛайн) компаниясы осы атауды өздеріне тіркеп алған. Әрі ол компания еліміздегі танымал тағы бір компанияның мазасын алып арыздануда. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ТОО «Балмұздақ» (Ленгерское) балмұздақ компаниясы «ШинЛайн» мен «Алмолдан» бұрын осы атаумен тауар шығара бастаған (2008 жылдан бастап). ТОО «Балмұздақ» тіркеуге өтініш берген кезде сараптамадан өтпеген. Себебі ол ұлттық құндылық жəне «Бəйтерек» монументінің авторлық құқығын бұзуы мүмкін деген негіздеме болған. Алайда, «Бəйтерек» сөзіне ТОО «Алмол» компаниясы өтініш берген кезде қабылданып, Аппеляциялық кеңестің шешімі бойынша «Бəйтерек» атауын ТОО «Алмол»-ға меншіктеп берген. Жалпы менің ойымша «Бəйтерек» сөзі ол қасиетті сөз, ол ешкімнің меншігінде болмауы тиіс», деп жазады «Ontustik patent» директоры Мақсат Елібаев.Оның айтуынша, «Бәйтерек» атауын жеке меншік қандай да мекеме өзіне тіркеп алуға және тауар белгісі етуге құқығы жоқ. Егер тіркелген жағдайда «Бәйтерек» монументінің зияткерлік құқығын бұзған болып есептелінеді. Сондықтан ТОО «Алмол» немесе ТОО «Балмұздақ» бұл заңдылықты ескергені дұрыс дейді.
Қысқаша дерек:
Бәйтерек — ежелгі таным бойынша тылсым қасиетке ие алып ағаш. Бәйтерек байырғы орта түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз. Ал, терек (парсы тілінде — дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді. Демек Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «Зәулім ағаш» дегенді танытады.
Астананың орталығында көкке бой созып тұрған «Бәйтерек» – қазіргі Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспетті. Ол елорданың халық көп баратын жерінің бірі.
Оның негізгі идеясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың эскиз-нобайы негізінде өмірге келді. Ол бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұратын білдіреді.