Adym.kz: Оңтүстікте әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер арасында түрлі сайыстар ұйымдастыру, өзара ақпараттық бәсекеге түсу дәстүрге айналған.
Міне, сондай жобалардың бірі “ON” бренд арқылы Оңтүстіктің әлеуметтік, экономикалық дамуы мен өсім көрсеткішін нәсихаттауға арнаған байқау. Облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтетін конкурстың биылғы тақырыбы: “ОҢТҮСТІК ӨНІМІ”.
Аталған байқау Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу бағыттары аясында Оңтүстіктің төл өнімдерін көрсетіп, насихаттау мақсатында жарияланған.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов мәлімдеді.
”Байқауға қатысушылар әлеуметтік желіде облыстағы өндіріс орындары туралы кемінде 25 пост жариялауы керек. Ақпараттың көлемі 500 символдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, өндіріс орнының басшыларымен фотоға (сэлфи, 2 сурет) түсуі шарт. Байқауға қатыстырылған материалдар 27 ақпаннан 15 маусымға дейін қабылданады”.
Байқаудың жүлде қоры – 850 мың теңге: Бас жүлде – 300 мың теңге, І орын – 200 мың теңге, ІІ орын – 150 мың теңге, ІІІ орын – 100 мың теңге. Ал, Көрермендер көзайымы номинациясы — 50 мың теңге, Үздік көркемделген пост — 50 мың теңге.