Жуырда Қытайда саяси қысым көріп жатқан қандас қазақтардың мәселесіне қатысты Қазақстан үкіметі Қытайға дипломатиялық нота жолдаған еді. Қазір ресми Пекин қандай шешім қабылдайды деген суал көптің көкейінде жүр. Жолданған нота қаншалықты қуатты? Қазақстанның бұл қадамы Қытайдағы қандастар мәселесін шешуге ықпалды ма? деген сауалдар төңірегінде сол жақтан оралған қытайтанушы Жұмабек бауырыммен сұхбаттастым.
— Қазақстанға қоныс аударған азаматтардың Қытайда қалған жақындарымен қарым-қатынасының түбегейлі үзілуі немесе Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін Қытайға барғандардың қудалауға түсіп ұсталып кетуі, себепсіз сотталуы әлді де ушығып тұр. Қытай тарапы бұл жағдайды елдің ішкі мәселесі ретінде қарайды. Бұған Қазақстанның араласпауын кезінде Қытайдың Қазақстандағы елшісі де сұраған болатын. Сол себепті Қытай Қазақстанның өз азаматтарының құқын қорғау ісіне ғана бас сұқпаса, «қызыл паспорттылар» ісіне килігуге еш хақысы жоқ деген ұстанымда.
Ал менің білуімше, дипломатиялық нотаның назарылық деңгейіне қарай оның бірнеше түрі болады. Жолданған нота халықтың көңілін жұбату үшін, әрі Қытай тарапынан осы мәселені шешу үшін сұралған өтініш сипатындағы бір түрі болса керек. Бұл Қытай саясатына әсерін тигізеді деп айта алмаймын. Себебі, Қытай бұл қадамға бір күнде барып отырған жоқ. Қаншама жылдан бері зерделеніп келіп, өз қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығы үшін жасалған астарлы әрекеті. Бір жағынан бұл саясатты аудандық, жергілікті билік өкілдері асыра сілтеп орындап жатыр. Соның әсерінен ондағы аз ұлт өкілдері үрей мен қорқынышта отыр. Бұл жерде ескеретіні – аталған саясатты тек қазақ ұлтына жасалып отырған қысастық деп қабылдамау керек. Ұйғырлардың жағдайы бізден де аянышты. Қудалауға түсіп жатқандардың көбі – дін жолындағы жастар. Намаз оқитындарды шетінен соттауда. Қазақтар мен ұйғырларға ұлттық дүниені айтуға тыйым салынды. Бірте-бірте жаназа шығартпауы да мүмкін. Осының бәрі – ұлтты жою идеясының нақты әрекеттері. Сөйтіп, Қытай түбінде тұтас бір жалпы халықтық идеологияда өмір сүруді көздейді.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан халық көбірек ұлт ретінде өзіндік үнін естірту керек деп есептеймін. Неге десеңіз, екі ел үкіметі, әсіресе Қазақстан билігі Қытайға деген «дипломатиялық мінезін» мүмкіндігінше бұрынғы қалыпта сақтауға тырысады. Ал азаматтық құқық, ұлттық мінезді бұқара халықтың танытуы мейлінше ұтымды болады. Ол үшін журналистер, қоғам білсенділері, ұлт жанашырлары БАҚ-ы арқылы дүрсін-дүрсін мақалалар, пікірлер жарияласа деймін. Себебі, қытайдың қатігез саясаты момын қазақтың келешегіне қауіп тудырмай ма деген алаңдаушылық тудырып отыр.
Қазір біздің экономикамызда Қытайға деген белгілі бір дәрежеде тәуелділік бар. Қытай нарығына иек артып отырғанымыз тағы бар. Ертең Қытай біздің ішкі-сыртқы жағдайымызды меңгеріп болғаннан кейін бізге де сондай мінез танытып, қысым көрсетпесіне, айтқанын істетпесіне кім кепіл?! Сол себепті Қазақстан Қытайдағы қандастарының мүшкіл жағдайына бейжай қарамауымыз керек. Қытайға деген ұстанымымызды ашық көрсету керекпіз. Бәлкім бізде жұмыс жасап жатқан Қытай компанияларына талапты күшейту керек шығар? Тіпті бұл қазақтардың реакциясын байқап көру үшін жасалып жатқан сынақ болуы да ғажап емес. Сондықтан, біз де қарап қалмай тиісінше қыр көрсету қажетпіз деп санаймын.
Қытай да белгілі бір дәрежеде бізге мүдделі екенін ұмытпау керек. Оны қайдан байқауға болады? Мысалы, Қытайдың шаған мерекесіндегі басты телеконцерттегі әрбір номерге мемлекеттік талдау жүргізіліп барып бекітіледі. Бағдарлама елдің жаңа жылдағы саяси стратегиясына, идеологиялық ұстанымына сәйкес шығарылады. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Атап айтар болсақ, біріншіден, биыл Абайдың өлеңін қытайдың танымал сықақ әртісі Сияо Пин қазақша оқыды. Ол сөзсіз жоғарының тапсырысы бойынша жасалған дүние. Себебі қазақ деген дүние қытай халқы үшін аса қызық тақырып емес. Әрі күлкілі де емес… Екіншіден, бұл ауқымды бағдарламаға Димашты шақырды. Оның да саяси сипаты жоқ деп айта алмаймын. Үшіншіден, CCTV Қазақстан президентімен арнайы сұxбат жасады. Мұндай эксклюзивті сұхбат Елбасынан бөлек бірде-бір мемлекет басшысымен жасалған жоқ. Осыдан Қазақстан Қытай үшін маңызды мемлекет екенін айқын байқауға болады. Ал, Қытай қазақтарына жасап отырғаны тағы бір астарлы саясат. Мен ойлаймын, олар Қазақстанға кейбір бағытта мүдделі екен, ендеше оларға да тиісті дәрежесінде, әрі дер кезінде қарсылық мінез таныта алуымыз қажет. Олар да бізбен санассын!
-Рақмет, Жұмабек!
P.S Бұл жазба facebook әлеуметтік желісіндегі журналист Ертай Нүсіпжановтың парақшасынан алынды.