Оның есімі елге белгілі-тұғын. Қолына қаламды осы бертінде ұстап жүргендер танымайды. Кейінгілер түгілі, бұрынғылар, үзеңгілес болған өз әріптестері де түс тоқтатып қарамаса танудан қалған. Дәруіштің күйін кешкен мұңлықтың айтары өте көп. Әттең, бәріміз де асығыспыз ғой. Асығып келеміз, кетуге де дәл сондаймыз. Асықпайтын күн таптым (Бар екен ғой. Болады екен табуға). Әрі-беріден, әрдененің басын шалдық алдымен. Сосын…
Басында әңгімеміз садақа берудің сауабы мен мән-мағынасы туралы болатын. «Алдыңғы күні әлгінің кемпірі жаман түс көріпті» деді бір кезде. Тірісінде есімі елге мәшһүр болған азаматтың артында қалған кемпірі шақырып алып, бұған мұң шағыпты. «Жоқтау айта бергім келмейді…» деген пенде түсіне кірген аянды жорып беруін өтініпті. «Босағадан аттамайды. Бірақ, төрге қарап ымдай береді. Ыммен көрсеткен тұсқа мойын бұрсам көретінім тек табыт. «Шал-ау, жасарыңды жасадың, елге қадірлі болдың. Абырой берді Алла. Енді, неге келіп маған төрдегі табытты көрсете бересің? Артыңда қалған ұрпағыңа өмір берсін деп тілеп отырғанымды неге ұқпайсың» деп егілдім де… Болмайды. Күнде көретінім бір түс. Жорып бер осыны» депті.
– Жорыдыңыз ба? – деймін әңгімесін ыждағаттылықпен тыңдап.
– Ойбай-ау, оны жору үшін алдымен үйінде не барын көрмеймін бе?
Бұл дүниені – жалған дейтін, өмірінде дүние-мүлік жимаған, тақуа деп жүрген жанның жоқтау айтып отырған пенденің үйінде не барын тексеріп көрмекке ұмтылғанына тіксініп қалдым. Тұрмысына қарап түс жорымақ па? Дүниесін көріп пәтуа жасамақ па? Әңгімесін тыңдауға уақыт тапқаныма өкіне бастадым. Тар шекемнің терісі жиырылып, осы кезде шибарқыттана бастағанын сездіріп те үлгергенмін.
– Мен оны таптым…, – деген кезде «Нені?» деп жақтырмаған дауыс түсімен жауап бергенім содан.
– Оны осыдан онбір жыл бұрын сыйлапты. Мерейтойына!
– Нені?
– Табытты!
– Нені…
Дені сау адам да аяқ астынан тұтықпа боп қалады екен.
– Астапыралла!
Тілім шықпай қалды. Шибарқыттанған шеке жазылып, көз алақандай болған. О заманда бұ заман мерейтойына табыт сыйлау деген қайдан шықты?! Оның үстіне қазақта?! Иманын үйіріп отырған Оңтүстікте?! «Елдің мұны дәруіштік өмір салты естен адастырып жіберген. Өзі біртүрлілеу адам ғой…» дегені рас екен ғойиии…». Деген ой мидың барлық қыр-қыратын аралап шығып үлгерді.
– Жаман ниеті болмағаны анық. Қадір тұтып, елден ерекше құрметтейтіндігін білдіргісі келген ғой.
– Кім?
Түкке түсінбедім.
– Інісі!
Есімі елдің аузында жүрген азаматтың аты-жөнін, руына дейін атап беріп тұр. «Тұппа-тура, жұрт өтірік айтпайды. Мына кісі шынымен-ақ айныпты». Әрі қарай жәй ғана әңгіме тыңдағансып отыруға көштім. Ойым әбіржулі-әлем.
– Ағасына «Бес қаруыңыз түгел болсын!» дегісі келген ғой. Содан қылышы бар, найзасы бар, қанжары бар, мылтығы бар… Арнайы жасатып, оны салып қоятын әдемі дәу қорабына дейін жасатқан ғой… Онысын мерейтойға жиналған туыс-бауырды таң қалдыра табыс еткен….
Мына әңгіме жәй сөз емес. Есім жинала бастады.
– Содан…
– Қорабы тура табыт сияқты ғой. Тастай темір. Сол қадірлі сыйлық, ерекше сюрприз тойға жиналғандарды таңқалдырыпты. Барлығы дерлік орнынан тұрып, ду қол шапалақтапты. Енді, анау-мынау емес, ардақты ағасына айрықша сыйлық жасап отыр ғой. Бұл сыйлық бағалы бұйым ретінде төрінде тұрады. Онбір жыл. Тапжылмай. Төрдегі орнынан жылжытылмаған.
– Сіз ерекше сыйлық деп отырған мылтық, қылыш дегеніңіз бұл күнде кімде босын бар ғой. Әкеп сыйлайды, мәз боп алып, төрге қояды…
– Е-е-е-е, салт-дәстүр, ырым, тыйым, әруақ сыйлау дегенді ұмыттыңдар ғой… содан да мән бермейсіңдер! Қазақта қару сыйламақ түгілі «анау тұрған пышақты әперіп жіберші» дегеннің өзінде әперіп тұрып, ол пышақты қолға бермейді. Ырымшыл халықпыз.
– Енді ол… басқа нәрсе ғой…
– Басқа емес. Нақ өзі. Пышақ, қару тарту етпеген қазақ!
– Ана кісі тынышталды ма?
– Тынышталды. Көңілі орнына түсті. Жаңағы қару-жарақ салынған табыт іспеттес қорапты музейге апарып өткіздік. «Енді, жоқтау айтпайтын болайыншы» деп қалды, кеше шалы түсіне кірмепті. Ол кісінің де жаны жай тапты-ау ана жақта…
– Сонда өмірден өткен адамның келіп аян беретіні рас болғаны ма?
– Береді ғой, елемейсіңдер! Сенбейсіңдер! Ал, мына байғұс соңғы 11 жылда он бір рет қайғы-қасірет шеккен. Қайтыс болғаны бар, келіні, немересі, ұл-қызының пышаққа түскені бар, оңай емес қой… Бәрі де сол бес қаруы түгел салынған табыт іспеттес темір.
Сенерсіз, сенбессіз, бірақ, мен осы әңгімені есітіп қайран болдым… Ойландырып тастады.
Ал, сіз елден ерекшеленемін деп не сыйлап жүрсіз?
Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ
@ Ақиқат журналы