#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

«ТОМИРИС» — ТӨРТ АЙ ТҮСІРІЛЕДІ

Adym.kz: «Қазақфильм» киностудиясы сарапшылар кеңесінің алдында «Томирис» фильмінің қорғалымы өтті”, — деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Фильмнің өндірісін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Сатайфильм» кинокомпаниясының қатысуымен іске асырады. Түсіру тобы қорғалым барысында дайындық кезеңінде атқарған жұмыстары туралы айтып, өтпелі кезең түсірілімдері, тігілген костюмдер, дайындалған реквизиттер және түсірілім алаңдары туралы баяндап берді. Наурыз айында фильмнің негізгі түсірілім жұмыстары басталады.Әлия НАЗАРБАЕВА, «Томирис» фильмінің Бас продюсері:
«Бұл – еліміздің кино тарихындағы ең ірі тарихи киножобалардың бірі. Барлығымыз да осы жобаға үлкен жауапкершілікпен бар күшімізді салып отырмыз. Тым ертеден басталатын тарихымызда ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен Ұлы дала рухын көрсетіп, көрерменнің көңілінен шығатын көркем туынды түсіреміз деп үміттенемін».
Тарихи туынды Томиристің дүниеге келуімен басталып, Парсының әйгілі патшасы Кирдің әскерімен болған шайқасымен аяқталады.
Ақан САТАЕВ, «Томирис» фильмінің режиссері:
«Басты мақсат – б.з.д. V-VI ғасырларда Орталық Азияны мекендеген, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, соғыс өнерімен әлем тарихында өз орнын алған, Сақ, Массагетер сынды тайпалар қазақ халқының арғы ата-бабасы екенін дәлелдеу. Бұл фильм ұлтымыздың мәдениеті мен дүниетанымының тамыры тым тереңде жатқанын дәлелдей түседі».
Кинотуындыда өтпелі кезең түсірілімдері былтыр желтоқсан айында Алматы облысына қарасты Заречный ауылының маңында жүргізілген. Алдағы Наурыз айында «Қазақфильмнің» павильондарында Томирис патшайымның дүниеге келген сәті таспаланады. Сонымен қатар, төрт айға созылатын түсірілім жұмыстары Қазақстанның басқа да көркем жерлерінде (Жаркент, Шонжы, Бурабай мен Баянауыл) жалғасатын табады.
Сегіз айға созылған дайындықтан соң еліміздің 15 ірі қаласында республикалық деңгейде кастинг өткен. Оған 15000-нан астам адам қатысып, басты рөлге фотосуреттер бойынша 1500 үміткерлер таңдалған. Алайда, оның 200-і іріктеліп, топ ішінен  патшайым рөліне Альмира Тұрсын есімді бойжеткен бекітілген.
Қазіргі таңда, барлық басты рөлдерді сомдайтын актерлар Жайдарбек Күнғожиновтың «Nomad» жаттықтыру лагерінде трюктар бойынша атқа жайдақ мініп, қару-жарақ асынып, садақ тартып, соғыс өнерінен сауаттарын ашуда.Алмас ОРДАБЕВ, «Томирис» фильмінің кеңесшісі, тарихшы: 
«Өкінішке қарай, Геродот суреттеген Кир мен Томирис арасында болған шайқастан басқа патшайым туралы ақпарат жоқ. Алайда, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған «Алтын адам» мен басқа да жәдігерлер сол заманда мемлекеттілік бірлестіктердің бар болғанын айқындай түседі. Біз осы арқылы көркем фильмде әлеуметтік иерархия, мемлекеттік символика, салтанатты жиындарды көрсетуге тырыстық. Сондай-ақ, ұлтымыздың бүгінгі дәстүрлерінің көбі Сақ дәуірінен бастау алатынын  айтқым келеді».Фильм кеңесшісі, белгілі суретші-реставратор Крым Алтынбеков бұл туындыда массагеттердің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде әшекей бұйымдарына деген құрметі жоғары болғандығын айтады. Тіпті, Қазақстан аумағындағы көптеген алтын кен орындары сол дәуірде белгілі болып, тайпалар кенді өлкелерге қоныстанып, жақсы қарулар мен әшекей бұйымдар жасаған екен.Аталған фильм үшін 1000-ға жуық киім жиынтықтары мен реквизиттер жианлған. Бір ғана  Томирис патшайым үшін тіпті жиырма костюм тігіліпті.
Кино картина үшін Қапшығай қаласының маңынан «Спаргапистың ордасы» декорациясы, «Қазақфильм» территориясынан «Вавилон» қаласы секілді екі нысан тұрғызылыпты.

Соңғы жаңалықтар