Түркістан облысында білім саласын дамыту, Түркістан қаласын түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы жұмыстарды жалғастыру жолдарын талқылау мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Үкіметаралық Өкілетті Кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек пен аталған университет ректоры Жанар Темірбекованы қабылдады.
– Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универстеті Түркістанды дамытуға оң серпін бергенін білеміз. Осы оқу ордасынан түлеп ұшқан түлектер елімізді, өңірімізді дамытуға үлес қосып келеді. Аймақты дамытудағы серіктесіміз десек, қателеспейміз. Бүгінде өңірде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары ашылып жатыр. Соларға лайықты мамандар қажет. Университетте аймақтағы өндіріс орындарына қажетті жұмысшылар мен мамандарды даярлайтын бөлімдер ашып, гранттарды бағыттау маңызды. Білім, туризм және өзге де бағыттар бойынша айтылған ұсыныстарды назарға аламыз, әріптестікті нығайта береміз, – деді Нұралхан Көшеров.