2024 жылғы 4 қыркүйекте Алматы облысының «Тамғалы Тас» шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» ҚР ТЖМ оқу- жаттығу полигонында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құтқару бөлімшелерімен «Скала-2024» арнайы оқу-жаттығуы басталды.
Оқу-жаттығуға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің – Беларусь Республикасының, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдарының, оның ішінде ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштері арнайы мақсатта бөлінген құралымдарының құрамындағы құтқару бөлімшелері тартылады.
Бүгінгі күн қатысушы елдердің құтқару бөлімшелері арасында жойқын жер сілкінісі кезінде туындаған кедергілері бар техногендік лабиринт қашықтығы мен табиғи сипаттағы жартас кезеңі бойынша достық жарыстар өткізуден басталды.
2-3 қыркүйек аралығында табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша жаттығулар өткізілді. Құтқарушылар жоспарланған оқу орындарында жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жағдайында іс-қимыл бойынша дағдылар мен шеберліктерді пысықтады.
5 қыркүйекте авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізілетін оқу орындарында оқу-жаттығудың практикалық бөлігі, өрт-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ТЖ жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы, арнайы оқу-жаттығудың жабылу және құтқару бөлімшелерін марапаттау рәсімі өтеді.
Оқу-жаттығулар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құтқару бөлімшелерінің төтенше жағдайлары туындаған кездегі өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған. Оқу-жаттығудың тақырыбы «Орталық Азиядағы жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою».
Полигон аумағында жарысқа қатысушыларды орналастыру үшін шатырлы қалашық, далалық госпиталь орнатылды, стационарлық байқау алаңы жабдықталды, көрсетілімдерге арналған оқу орындары дайындалды.
024 жылғы 5 қыркүйекте Алматы облысының «Тамғалы Тас» шатқалында орналасқан ҚР ТЖМ «Жартасты қала-Астана» оқу-жаттығу полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің он бесінші отырысы өтті.
Үйлестіру кеңесінің жұмысына ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы И.Н. Тасмағамбетов, Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі В. И. Синявский, Қазақстан Ресмпубликасының Төтенше жағдайлар министрі Ш.С. Әрінов, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Б. Э. Ажикеев, Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс істері, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрі А.В. Куренков, Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Р.У. Назарзода қатысты.
Отырыс Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Ш.С. Әріновтың төрағалығымен өтті, ол өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бірлескен күш-жігердің және төтенше жағдайларға ден қоюға дайындықтың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс барысында ҰҚШҰ ТЖҮК төрағасы Ш.С. Әрінов қатысушыларды төтенше жағдайларды уақтылы алдын алудың және олардың салдарын жоюдың тиімді жүйесін құруға бағытталған бірлескен қызметті үйлестіру тетіктерін қалыптастыру жөніндегі күш-жігерін шоғырландыру бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер құзыретті органдарының бір жыл ішінде жүргізген жұмысы туралы хабардар етті.
Төтенше жағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде олардың әлеуетін пайдалану мақсатында халықаралық ұйымдармен одан әрі ынтымақтастық перспективалары, «Скала-2024» арнайы оқу-жаттығуын өткізу қорытындылары, 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту, ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған құтқару бөлімшелерінің практикалық ынтымақтастығын жандандыру мәселелері талқылаудың негізгі тақырыптары болды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің азаматтық қорғау саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында отырыс қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды.
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жарғысының, 2016 жылғы 14 қазандағы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Шешімімен бекітілген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ұжымдық қауіпсіздік стратегиясының ережелерін, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Тараптардың мүддесінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша күш-жігерді біріктіруге бағытталған басқа да шешімдерін басшылыққа ала отырып,
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге қабілетті ақпараттық кеңістіктегі қатерлердің өршуіне алаңдаушылық білдіре отырып, бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау мақсатында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі болып табылады деп есептей отырып, ақпараттық инфрақұрылымды пайдаланып деструктивті ақпараттық ықпал ету, ішкі істерге араласу үшін ақпараттық технологияларды пайдалану, ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін арандату қабылданбайды.
Ақпараттық технологиялар мен ресурстарды аса маңызды құрылымдардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында Тараптардың аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануға кедергі жасауға ұмтыла отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудағы сенім мен қауіпсіздік ақпараттық қоғамның іргелі негіздеріне жататынын мойындай отырып, Тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығының құқықтық және ұйымдастыру негіздерін нығайтуға ұмтыла отырып, ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған бірлескен практикалық іс-шараларды кейіннен іске асыру үшін жағдайлар жасау қажет деп есептейді.
Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты сақтау басымдығына негізделген ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды қолдай отырып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік егемендігінің басымдығы қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Тараптардың әрқайсысының ақпараттық қауіпсіздігі ҰҚШҰ-ның ақпараттық қауіпсіздігін қалыптастыратынын және тұтастай ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздігінің жай-күйіне тікелей әсер ететінін атап көрсете отырып, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары және ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тиімді іс-қимыл арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін мойындай отырып, ақпараттық кеңістікте Тараптардың мүдделері қорғалуын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті.
Осы Келісімнің мақсаты ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде Тараптардың өзара іс-қимылын дамыту болып табылады. Келісімнің мақсатына жету үшін Тараптар: Тараптардың мемлекетаралық ынтымақтастығы және ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту негізінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытуды; ақпарат саласындағы қатерлерге қарсы іс-қимыл тетіктерін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық кеңістігінде ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға және құқыққа қайшы қызметке қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен, оның ішінде практикалық сипаттағы іс-шараларды өткізуді; халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде өзара іс-қимыл жасауды міндеттейді.