Жобаның негізгі мақсаты – ауылдардағы жұмыссыздықты жою және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды заңдастыру. Сондай-ақ, елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашып, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерліктер ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілуде.
– Бүгінге дейін 4 ауылдық округтен 1,4 млрд. теңгені құрайтын 258 өтінім қабылданды. Оның ішінде «Ырыс» МҚҰ ЖШС арқылы 1,1 млрд. теңгені құрайтын 200 жоба мақұлданып, 867,2 млн. теңгеге 157 жоба қаржыландырылды. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы өнім көлемін ұлғайтуымыз керек. 2024 жылы жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін – 8 625 000 теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ететін боламыз, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бекет Өсербаев.
– «Ауыл аманаты» жобасына бір өндірістік кооператив қатыспақ. Несие алуға ниет білдірген 160 адам сол кооперативке мүше болып тіркелді. 63 жоба облыстық «Ырыс» МҚҰ-на қабылданып, 40 адамның (250 млн. теңгеге) құжаты мақұлданды. Осы азаматтардың 38-і қаржысын алып жұмыстарын жүргізуде, – деді ауыл әкімі Абай Орынбай.
Мұнда «Ауыл аманаты» қанатты жобасының алтыншы бағыты бойынша 4 жоба ұсынылып, азаматтардың құжаттары Түркістан облыстық «Ырыс» МҚҰ комиссиясының қарауына жіберілген. Қазір «Дінмұхаммед», «Абдрахым», «Нұржан» сынды шаруа қожалықтары токарьлық станок алуға, балық шаруашылығын дамытуға, пластик есік-терезе жасауға пейілді. Ал, «Қосбаев» ЖК 4,5 млн. теңгеге наубайхана ашуды көздеп отыр. Жоба аясында әкімшілік қызметкерлері әрбір отбасыға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, семинар-кеңестер өткізуде.
Қақпақ ауылының тұрғыны Мұхамедияр Арапбаев та осы жобаға қатысып, шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Ол бүгінде ірі қара мал басын көбейтуді мақсат етуде.
«Арапбай» шаруа қожалығы 2017 жылы құрылған. 3 гектар жерге бидай, арпа егеді. Биыл 4 тонна дән жинапты. Күздік егіске арпа егіп қойыпты. Мұнан басқа 1,5 гектар жерге жүгері, жоңышқа өсіреді. Жалпы, мал азығын өздері дайындайды. Тек жиын-терім кезінде ғана көмекшілерге жүгінеді екен.
Мұхамедияр Арапбаев мал бағумен бұрыннан айналысады. Яғни шаруаның қыр-сырына жетік. Озат малшы болған әкесі Дарханбайдың жанында бала күнінен жүріп көп нәрсе үйренген.
Ол аптасына ауыл тұрғындарын үш рет «Газель» автокөлігімен Қаратас, Сарыағаш, Шымкент мал базарларына тасымалдайды. Бұл кезде шаруашылық жұмыстарын келіншегі Айсұлу атқарады. Бүгінде Арапбаевтар отбасында Мақпал, Жантілеу, Дамир есімді перзенттер өсіп келеді.