Қайшы мен тарақ ұстағандардың барлығы нағыз шебер деу қисынсыз. Олардың ішінен жақсысын табу үшін біраз ізденуге тура келеді. Ал Халидаға толықтай сенім білдірсеңіз болады. Жиырма бес жыл ғұмырын осы салаға арнаған оған келушілердің шағымы жоқ.
–Он үш жасымнан бастап үйдегі қуыршақтардың шашын қиып тастайтынмын. Сол үшін анамнан жиі ұрыс естуші едім. Тіпті қолыма қайшыны ұстатпай, тығып қоятынды шығарды. Ол кезде бала болғандықтан ерке әрі тентектеу болдым. Қайшыны тығып қойған жерінен тауып алып, өз дегенімді істеуді жалғастыра беретін едім. Осылай уақыт зымырап, мектепті аяқтап, жас түлек те атандық. Сыныптастарым жоғары оқу орнына түсіп жатқанда, мен институтқа түсейін деп талпынбадым. Жаным қалайтын іспен айналысқым келді.Сән салондарына барып, жақсы шаштараз шеберлерінен тәжірибе жинай бастадым, – дейді ол.
Халида Мұратқызы анасының қарсылығына қарамастан шаштараз маманын таңдаған.
–Сән салонында жұмыс істейтін қыз-келіншектер басқа сала мамандарына қарағанда табысты көбірек табады. Яғни, арадағы бәсекелестік басым. Біреулері кірпік жабыстырумен айналысса, енді біреулері макияж, тырнақ бояумен нәпақасын табуда. Барлығына жұмыс жеткілікті. Қазір дамыған заманның ағымына ілесу үшін қызметтің өрісін кеңейту керек. Мысалы, мен ерлердің де, әйелдердің де шашын қырқып, оны бояп та беремін. Шаш үлгісін де жақсы жасаймын. Мұның бәрі тәжірбиемен келген еңбек десем болады. Әрине, алғашында үйреніп жүрген кездері көптеген қиындықтар кездесті. Келушілердің шашын әдемі қырыққандай боласың, ал ол оған ұнамайды. Арасында кейбіреуі ауыр сөздерді айтып қалады. Оның бәрін көңіліңе ала берсең, сенен ешқашан жақсы маман шықпайды. Сондықтан, айтылған сынды көтере білу және қателіктермен жұмыс жасау керек, – дейді шебер.
Кейіпкеріміз алдына келген келушілердің шашын әрлеу уақытында әңгімесімен еліктіретін қасиеті бар. Сондай кезде кей адамдар өзінің әлеуметтік жағдайының төмен екенін айтып шағымданатын көрінеді. Оларға жанашырлықпен қарап, ақысын төмендетіп не тегін қызмет ететін күндері де болады екен.
–Мен шаштараз ғана емес, дипломы жоқ психологпын десемде болады. Адамдар кейде шашын қырқуға емес, менен кеңес алу үшін де келеді. Мұның бәрі әр әйелдің жанын түсінгендіктен шығар деп ойлаймын. Оларға өз ақылымды айтамын, ақшасы жоқ болса өз жұмысымды тегін істеп беруге де дайынмын. Менің басымнан бір қызық жағдай өтті. Сән салоныма бір келіншек келді. Өзі екі баланың анасы екен. Күйеуімен ара-қатынасы дұрыс болмай ажырасатын ойы бар екенін айтып қалды. Алдымен бар өкпесін тыңдап алып, одан кейін өз кеңесіммен бөлістім. «Ер азаматқа сен қалай сөйлесең, ол саған солай тіл қатады. Оған деген ашуыңды тежеп, барынша сабырлық танытып, үндемеуге тырыс. Әйел заты еркекпен тең болуға тырыспай, бір мысқал да төмен болса сол үйде баянды бақыт болады» деген едім, бір айдан кейін күйеуі жаңағы әйелді сыйлықтармен қуантуды әдетке айналдырыпты, – дейді ол.
Редакция таңдауы
16 жасынан бастап шаштараз саласында еңбек еткен Қарабасова құрбыларына үлгі
Adym.kz/ Бүгінде өзінің адал еңбегімен несібесін айырып отырған адамдар көп. Соның бірі – Халида Қарабасова. Шаштараз саласында 16 жасынан бастап бейімделген ол, бүгінде көп жанның ризашылығына бөленіп үлгерді.