Мемлекеттік грант. Қайтарымсыз ақша. Бір жарым миллионға жуық теңге бизнес-жобаңызды сәтті қорғай алсаңыз беріледі. Бірақ, шүлен көже емес. Мәселен, өтініш жазған 100 адамның 17-18-іне ғана тиесілі дүние. Былтыр Шымкентте 452 адам грант алған. Биыл екі лекпен беріледі. Үміткерлерден «business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн құжаттар қабылданып жатыр.
Мемлекеттік грант – бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Гранттар келесі бағыттарда қолдану үшін беріледі: қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Комиссиядамыз. Далада ұзақ-сонар кезек. Күн ыстық. Шама жетсе бәріне беруге болар еді, грант саны шектеулі. Оның үстіне оңай ақша көріп, алғысы келетіндер де жеткілікті. Гүлге шырмалған бал арасы секілді айналып келе беретіндер де көп. «Бес рет қатысып жатырмын. Ана жылы мына жобамен түстім, өтпеді. Биыл басқа жобамен келдім. Өткізіңіздерші…»
Әр кәсіптің басын бір шалып, өз бизнес-жобасының өтімділігіне өзі сеніңкіремей, қорғай алмай тұрған адамға айдалада жатқан батпақ құйрық жоқ. Кейбірі төбеңді оярдай болып тепсініп кетеді.
Құдай ақы деп айтайық, комиссия құрамында алақол жоқ. Комиссия ақша бергендерді ғана өткізеді деген жел сөзді естіп жатырмыз. Жала. Барлық жауаптар тікелей эфирге жазылады, антикорға жазып, тексеріп көрсін. Адам пенде ғой. Тегін дүниені кім алғысы келмейді дейсің. Үміткерлердің қандай категорияларына артықшылық беріледі? Еңбекке қабілетті, бірақ мүгедектігі бар адамдар. Асыраушысынан айырылған және көп балалы отбасылар. Мүгедектігі бар баланы асырап отырған адам және қандастар.
«Балам мүгедек. Қарап отырмын. Емдетуім керек. Грант берсеңіздер кәсібімді дөңгелетіп, арбамды өзім сүйреп кетер едім. Бар үмітім сіздерде». Осылай деп көп келеді.
Өз қалтаңнан шығып жатқан жоқ. Бірақ, жобасын қорғай алмай тұр. Тіл тістейсің.
Бір жігіт келді. Травертин секілді материалды қалыпқа құйып, үй сыртын әрлейді екен. Ішкі жағында ыстық-суық өткізбейтін қаптама. Бәрі отандық өнім. Сұраққа қамшы салдырмайды. Ішіміз жылып, іштей алып кетсе екен деп отырмыз. Қосымша сұрақтар қойдық. Бес баласы бар екен. Бір қызы туа бітті құлағы естімейді. Көп жерге қаратыпты. Алладан үміті бар.
Бизнес-жобасын сәтті қорғады. Отбасында ерекше баласы бар. Грантты шаппай алып тұр. Сұрадық. Неге өтінімде ерекше бала туралы жазылмаған?
Азамат екен. «Бұл – менің отбасылық мәселем. Неге мен оны алға тартып, аянышты күйге түсіп, сіздерден қолдау күтуім керек».
Міне, мәрт қазақтың болмысы. Бас пайда үшін иіліп, сынып тұрған жоқ.
Басқаларды қайдам, жауабы өзімді тәнті етті. Алдымызда нағыз қазақ отыр еді. Жарты нанын көршісімен бөлісетін, етінен ет кесіп алсаң да қабағын шытпайтын, ішіндегі шерін сыртқа шығаруды ар көретін қазақ едік, осындай мәрт мінезді жоғалта бастағанымыз рас қой.
Сталиндік репрессия кезінде Қап тауынан тұтас ұлттар қуғынға ұшырап, қазақтан пана тапты. Поволжьедегі неміс автономиясы таратылып, қазақтың кең даласына айдалды. Сахалиннен кәрістер көшірілді.
Түксіз, аш жалаңаш келген сонша жұрт онсыз да шекесі шылқымай отырған қазақтан пана тапты, аман қалды. Қалғаны қалды. Кеткенінің бәрі лағнет емес, мың алғыс айтып кетті. Әлі де дархан, мәрт қазақ жайлы дастан айтып жүреді.
Шаруасына тастай, өз отбасысының ішіндегі проблемасын өзі шешіп, сыртқа айбарлы болып жүрген осы қара торы қазақ кешегі жүрегі үлкен қазақтардың жұқанасы екен ғой. Бар екенбіз. Мықты қазақтар елдің еңсесі екен.
Тегін қаржыны кім алғысы келмейді дейсің?! Құлағымен ін қазған қарсақтай дәндеп алғандар бар. Жылда есік қағады. Келсін. Алсын. Жақсы кәсіптің көзін тауып, өзін де, қасындағы жұмысшы қауымын да асырасын. Деп ойлайсың ғой.
Бірақ, инкубатордың балапаны сияқты бір-бірінен аумайтын бизнес-жобалар көп келеді. Бір адам жасап бергені, сатқаны белгілі. Өйткені, қателері де бірдей. Бірақ, біреуден алғанын ешқайсысы мойындағысы келмейді. «Өзім жасадым, күн-түн көз ілмедім. Есебін өзім шығардым». Сондай деп келген келіншектің құжаты өтпеді. Тұтас графасы бос. Ештеңе толтырылмаған. Сенбеді. Өз көзімен көрді. Сенді. Жасаған адамын шақыртыпты. Әуелде комиссияны кінәлап, аспанды тастап жіберердей түйіліп келіп еді, өз қатесін өз көзімен көрген соң ол да демін ішіне тартып жоқ болды.
Жігіт ағасы келді. Бизнес-жобасының жай-жапсарын айтып отыр. Сауын биелер алмақ. Қора жай бар. Жем-шөп бар.
Бермей көріңдер дегендей бедірейеді. «Бақсам, бақа екен» демекші жобасынан ши шықты. Сауын биеге келген пақырдың жоспары сауын ешкілерін сатып алып, сүтін саудаламақ екен.
Комиссия да аң-таң. Өзі де аң-таң. «Сауын ешкілермен былтыр қатысып едім» дейді. Биеге жаздым деп ойлап, былтырғы жобасын қайта ұсынған болып тұр.
Атақты сатирик Көпен Әмірбектің інісі, комиссия мүшесі Ерсұлтан Әмірбектің тілі ащы ғой.
«Бауырым, бие сұрап келіп, ешкі бағып кеттің ғой» деді. Әлгі жігіт не десін? Ыржиды да: «кешіріңіздер» деп тұрып кетті. Келесісіне қатыспақ.
Ондай мүмкіндік бәріне берілген. Шымкентте өткен жылы 452 адам қайтарымсыз грант алғанын айттық. Биыл 425 адамның бағы жанады. АӘК алушы отбасылар мен кәсібін жоспарлап, қаржысын жеткізе алмай жүрген адамдар үшін үлкен мүмкіндік.
Алсын. Қуаныштымыз. Бірақ, бизнес-жобаң соған лайықты болу керек. Бір азамат келді. Ұлттық тәттілерді қосып балмұздақ жасамақ. Құрт қосам деді. Ірімшік қосамын деді. Тары қосамын деді. Ет қосамыны ғана қалды. Жаңа жоба табам деп абсурдқа баруға болмайды ғой. Өз кемшілігіңмен күресудің орнына қатал комиссияны кінәлап кету оп-оңай. Комиссия бөжей емес. Лайықтысы алсын дейді. Тілек біреу-ақ. Шағын кәсіпкерлеріміз көбейсін. Олардың қатары артса мемлекетіміздің экономикалық қуаты кемелденеді. Мемлекеттік гранттың мәнісі осы.