Жауын-шашынның мол түсіп, ылғалдың жеткілікті болғанын диқан да, мал баққан шаруа да қалайтыны рас. Алайда жауын-шашын мөлшерінің шамадан тыс көп болуы, қардың күрт еріп, қызыл суға айналуы, өзен-көлдердің арнасынан тасуы аса қауіпті.
Биыл сәуір айы еліміздің бірқатар аймағындағы елді мекендердің тасқын судың астында қалуымен басталды. Өңіріміз тасқын судың алдын алуға күні бұрын қамданып, нәтижесінде қауіпті жағдай орын алған жоқ. Дегенмен өңірдегі суқоймалар қазір кемеріне келіп тұр. Осы ретте жұртшылықты «Жауын алдағы уақытта да толассыз жауатын болса, өзен-көлдер арнасынан тасып кетпей ме?» деген сұрақ алаңдатады. Мұндайда тұрғындар көбіне телеарнадан берілетін ауа райы болжамы мен 112 нөмірінен келетін ескерту хабарламаларға иек артады. Ал «Қазгидрометтің» ауа райы туралы болжамы қалай жасалады? Осы жайлы білу үшін біз «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалына арнайы бардық.
Филиал басшысы Зәуреш Абдибаева ауа райы болжамы синоптик-метеоролог мамандардың жұмысына байланысты жасалатынын айтады.
Синоптиктер дегеніміз – атмосферадағы физикалық процестерді талдап, ауа райын болжайтын метеоролог мамандар. Яғни халық пен табиғи құбылыстардың арасындағы алтын көпір десек, еш қателеспейміз. Себебі метеорологтар бізді табиғи құбылыстардың өзгеруі туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді. Ауа райы туралы болжамның сауатты жасалуы мал-жанның түрлі қауіп-қатерден сақталуына септігін тигізеді. З.Абдибаеваның айтуынша, аймақтағы дауылды жел, қытымыр аяз, судың тасуы сынды ескертулер алдын ала тез арада Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі екен.
Синоптиктердің жұмысы өте күрделі әрі жауапты, сонымен қатар қызықты. Ауа райы болжамы – білім мен тәжірибені талап ететін шағын ғылыми еңбек десек болады. Мамандар ауа райы болжамының авиаторлар мен авиажолаушылар үшін аспандағы сенімді тірегі ретінде күні-түні жұмыс істейді. Облыс аумағында алғашқы метеорологиялық бақылау 1870 жылы Әулиеата – қазіргі Тараз қаласында басталды. Азаматтық соғыс және өзге де жағдайларға байланысты бір жылдары көптеген станса мен бекеттер жұмысын тоқтатты. Қазақстанның гидрометқызметі құрылған кезеңде, яғни 1922 жылдың басында облыс бойынша Әулиеата, Жуалы, Меркі атты 3 метеостанса жұмыс істеді. Кейінгі жылдары Қазақстанда гидрометеорологиялық желі дамыды. Отарлы малшаруашылығына қызмет көрсететін шөл метеостансалары пайда болды. 90-жылдары қаражаттың жоқтығы олардың жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта дәстүрлі метеостансаларға тағы 4 автоматтық метеостанса қосылып, жалпы саны 22-ге жетті.
Соңғы жылдары метеостансалар желісі қазіргі заманғы құралдармен, жаңа техникамен жаңғыртылуда. Барлық метеостансалар нақты деректерді алуға мүмкіндік беретін электрондық құралдармен, тәулік бойы байланыста болуға мүмкіндік беретін рациялар мен телефондармен жабдықталған.
1914 жылы агрометеорологиялық бақылауды облыста жер қатынастары департаменті тәжірибе ретінде егістіктерде жүргізе бастады. Жылдар өтіп, Қазақстан Республикасының экономикасы нығая түсті. Ауылшаруашылықты, өнеркәсіпті, көлікті, құрылысты дамытумен бірге гидрометеорологиялық ақпаратқа қажеттілік артты, бақылау пункттерінің желісі кеңейтілді. Қазіргі уақытта агрометеорологиялық бақылау 7 метеостанса мен 3 агробекетте жүргізілуде. Облыста өсірілетін негізгі ауылшаруашылық дақылдарының фенологиясына бақылау жүргізіледі. Топырақтың ылғалдылығы анықталады. Қысқы дақылдарға бақылау жүргізіледі. Агрометеорологтар электронды құралдармен жабдықталған.
Облыс бойынша алғашқы гидрологиялық бақылаулар 1912 жылы Меркі ауданының Ташұтқұл ауылында, сәл кейінірек Билікөл көлінен басталды. Жалпы 1930 жылдары 8 гидробекет болды. Жерді игерумен, егіс алқаптарының ұлғаюымен суару арналарын салу қажеттілігі арта түсті. 1990 жылдары олардың саны 10-ға дейін қысқарды. Тек 2002 жылдан кейін ғана бекеттер қайтадан ашылды. Қазіргі уақытта олардың саны – 23.Бүгінгі күні Тараз қаласындағы «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалында 169 адам жұмыс істейді. Облыс аумағындағы бақылау желісі пункттерінің жалпы саны 67 метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрологиялық және экологиялық стансалар мен бекеттерді құрайды. Біздің атқаратын басты қызметіміз – мемлекеттік бақылау желісін пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг, метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, – дейді Зәуреш Серікбайқызы.
Метеорология саласының басты міндеті – ауа райын алдын ала анықтау.
Осы мақсатта метеоролог мамандар 3 сағат сайын ауа райын болжап, авиацияға, ғылыми-тәжірибелік мекемеге және төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке ақпарат жолдайды. Тиісті мекеме метеорологтардың есебіне сай дер кезінде тұрғындарға ескерту жариялайды. Осылайша күні-түні ұялы телефонымызға 112-ден хат келеді екен.
Синоптиктердің тыңғылықты ісіне қарапайым халық куә. Олар әрбір ескертуге құлақ асады. Соның бірі – 70 жастағы қала тұрғыны Айғаным Базарбаева.
– Ауа райының күрт өзгеруі, жауынның жаууы, найзағайдың жарқылы сынды табиғи құбылыстың қалай пайда болатынын адамзат ертеден-ақ зерттеп, болжаған. Ал ата-бабамыз көшпелі халық болғандықтан ауа райын құстар мен ауған бұлттың, жүгірген аңның, аққан судың, төрт түлік малдың қимылына қарап білген. «Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертесіне ыстық болады, ай қораланса, қыс қатты болады. Үркер суға түссе, күн жауынды болады» деп дөп басып айтып отырған. Қарлығаштың жоғары-төмен ұшуы да көп нәрсені аңғартқан. Жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деп топшылаған. Құмырсқа илеуін бекітіп, жатып алатын болса, дереу ойдағы үйлерді сел жүреді деп дөңге шығарған. Жылан, құрт-құмырсқа сынды ұсақ жәндіктер індерін тастап, көше бастаса, жер сілкінеді. Бір таңғаларлығы, бұл болжамдар қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоймады. Сол ата-бабамыздың орнын бүгінде синоптиктер басты. Күн тұманды болады десе айтқаны айна қатесіз келеді. Ғылым мен техника дамыған заманда олардың арнайы өлшейтін құрылғылары, аппараттары бар. Қызық мамандық қой. Ауа райын үнемі қадағалап теледидардан көріп отырамын. Аса бір жауапты маман иелерінің нәтижелі жұмысының арқасында біз өмірімізге зиян келтірмейміз. Синоптиктер еріккеннен болжам жасамайды. Жер сілкіну, сел жүру қаупін солар дәл болжап айтып жүр, – дейді Айғаным Базарбаева.
Күнделікті өміріміз, жұмысымыз күн райы мен климатқа тәуелді. Сондықтан метеоролог мамандар ауадай қажет. Ал мамандардың жұмысы қауырт. Желден, судан келетін апаттардан адамзатты алдын ала хабардар етіп отырады. Сол себепті күн-түн демей аянбай еңбек ететін метеорологтардың еңбегі елеулі.