#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Өрт сөндіру саласында табаны күректей 20 жыл қызмет еткен

Өрт сөндірушілер күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүреді. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмейді. Осындай жауапкершілігі мол мамандықты атқарып жүрген азаматтардың бірі – Қазалы ауданының №9 өрт сөндіру бөлімі, Қазалы қаласының №15 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы және бұл салаға өзінің 20 жылдан астам уақытын сарп еткен өжет өрт сөндіруші Олжас Сыдық.

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Ол жүректілік пен батылдықты талап ететін нағыз ер жүректерге тән мамандық. Өрт сөндірушілер күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүреді. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмейді. Осындай жауапкершілігі мол мамандықты атқарып жүрген азаматтардың бірі – Қазалы ауданының №9 өрт сөндіру бөлімі, Қазалы қаласының №15 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы және бұл салаға өзінің 20 жылдан астам уақытын сарп еткен өжет өрт сөндіруші Олжас Сыдықпен сұхбаттасқан едік.

– Ең алғашқы өртпен арпалысқан кезіңіз…

– Есімде 2006 жылы тұрғын үйден өрт шығып, жедел жетіп, тұрғын үйде тірі жан болмаған соң, құнды заттарды алып шықтық. Артынша үйде газ балонның бар екенін естіп, тәуекелге бел буып соны алып шыққанбыз.

– Оқыс жағдай кезінде көзсіз батылдыққа барған сәтіңіз болды ма?

– Бұндай жағдай әрбір өрт сөндірушінің басында болған шығар, сірә… Белгілі бір орыннан қоңырау түсіп, көздеген жерге жеткенімізде ғимарат көк түтінге оранған екен. Ғимарат ішінде «бір азамат қалып қойды» деген ақпарат келгенде көп кідірмей терезені бұзып кіргенмін. Қуанышымызға орай ақпарат жалған болып шықты.

Өрт сөндірушінің айлығы шайлығына жете ме?

– Әрине жеткілікті. Қазақта «Ердің тапқаны еселі» деген жақсы сөз бар. Сол себептен ер азамат қандай салада жұмыс жасаса да ол шайлыққа да, басқаға да жетеді.

– Көбі бұл мамандыққа баруға дауаламайды. Ал сіз өз мамандығыңыздан бақыт таба алдыңыз ба?

– Шыны керек, осы мамандықта қызмет ету үшін арнайы әскерге де бардым. Келген соң орналасып, дос-жаран, жақсы әріптестерге байып, тіпті осында жүріп отбасылы болдым. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сол үшін де мамандығымнан бақыт таба алдым деп айта аламын.

– Егер сіз өрт сөндіруші болмасаңыз, қандай мамандықты таңдар едіңіз?

– Менің негізгі оқып-тоқып алған көк қағазымда заңгер маманы деп жазылып тұр. Сондықтан өрт сөндіруші жолын таңдамағанда, мүмкін сол заңгер саласы бойынша жұмыс жасар ма едім?!

– Сіздің мамандықта асқан жауапкершілік пен өжеттілік қажет. Сіздің ойыңызша өрт сөндірушінің бойында басқа да қандай қасиеттер болуы керек?

– Әрине, ең басты екі қасиет ол – жоғары жауапкершілік пен өжеттілік. Осындай қызметте жүрген соң, түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондай сәттерде психологиялық және физикалық тұрғыда мықты болу да әрбір өрт сөндірушінің міндеті.

– Кейбір өрт сөндірушілердің еңбегі тасада қалып қойып жатады. Жалпы сондай сәттерде іштей реніш болмай ма?

– Негізгі ісіміз адам өмірін аман алып қалу мен өртті ауыздықтау болған соң, мақтау-марапатты көздеу мақсатында жасалмайды біздің жұмыс. Сол үшін ешқандай реніш те, өкініш те өзекті өртемейді.

– Белгілі бір орында өртті ауыздықтау барысында жазатайым оқиға болған жағдайда сіздерге сақтандыру шаралары қолданыла ма?

– Я, бар. Оның барлығы арнайы бөлімдерде мемлекет тарапынан қарастырылған.

Қызыл жалын жаулаған ғимарат ішіндегі жанның немесе сіздің өміріңіз, яғни қос таңдау тұрса қайсысын таңдар едіңіз?

– Негізі кез келген жағдайда қос тарапты да сүйреп шығуға тырысамыз. Ал егер басқа амалы болмаса, әрине жоғарыда атап өткендей адам жанын аман алып қалу мен берілген антты орындау. Себебі ол әрбір өрт сөндірушінің парызы деп санаймын.

Өзіңіздің ізіңізден ерген перзентіңіздің осы  мамандықты таңдауына кеңес берер ме едіңіз?

– «Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл саланы ұлым да таңдап отыр. Қазіргі таңда ұлымды осы мамандыққа, Көкшетау қаласындағы арнайы оқу орнына дайындап жатырмын.

– Жастарға айтар ақылыңыз…

– «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағының кепілі» деген жақсы сөз бар. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, ел үмітін ақтар азамат болыңыздар. Кез келген жағдайда өрт сөндіру ережелерін сақтап жүріңіздер және қандай мамандықты таңдасаңыздар да, шын ықылас пен бар ынта-жігеріңізді салып жұмыс жасаңыздар. Сонда ғана діттегеніңізге жетесіздер.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Әңгімелескен Серік АҚМЫРЗА

Соңғы жаңалықтар