Сенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолғы жәрмеңкені Қобда ауданы бастап отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңке жыл аяғына дейін жалғасады. Бұл күнгі шараға қобдалықтармен бірге Ақтөбе қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің қалай ұйымдастырылып жатқанын аралап көрді.
Шараға қобдалық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірге «Ауыл аманаты» жобасы аясында шаруашылық ашқан кәсіпкерлер де өз өнімдерін ұсынды. Ертемен келіп, қысқа қам жасаған тұрғындар көп болды. Мұндағы өнімнің бағалары нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен сатылды.«Ауыл аманаты» жобасы аясында құс өсіріп, жұмыртқа өндірген қобдалық кәсіпкерлердің жұмырқалары әп-сәтте өтіп кетті (Бір дана жұмыртқа 40 теңгеден сатылды).
— Жәрмеңке таңғы сағат 9.00-де басталады деп жоспарланған болатын. Дегенмен ақтөбеліктер жәрмеңкеге тым ерте, сағат 7.30-дан бастап келіп, сөреге қойылған өнімдер тез өтіп кетіп жатыр. Қобдалықтар әкелген 3 бас жылқы (2200 теңге), 11 бас ірі қара (2100 теңге), 22 бас қой (2000 теңге) еті, 20 келі балықты жұртшылық таласып әкетті.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін Қобда ауданы бастап отыр, келесі сенбіде Қарғалы ауданы өткізеді. Сөйтіп, облыстағы 12 ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ жәрмеңкеде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген өнімдер де сатылатын болады, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Акимов.
Жалпы бұл жәрмеңкеге «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 6 шаруашылық қатысты.
— «Ауыл аманаты» жобасы басталғалы бері аудан бойынша 160 адам жобаға қатысуға ниет білдірген болатын. Оның 153-і жеңілдетілген несие алды. Соның арқасында құс, өсімдік шаруашылығын дамытып жатқандар көп. Бүгінгі жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірге «Ауыл аманатының» жемісі де ұсынылып отыр. Аталған жоба аясында кәсіп ашқан жандар өндірген өнім елордамызда өткізілген жәрмеңкеге де апарылды. Сондай-ақ бұл өнімдер аудан орталығында әр апта сайын өткізілетін жәрмеңкеде де сатылуда, — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Күнзия Төлешева. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алған кәсіпкерлер «Табыс» базарында ұйымдастырылған жәрмеңкеге мың дана жұмыртқа әкелген. Сонымен қатар құлпынай, картоп (7,5 тонна), қырыққабат (1,5 тонна), қызанақ (150 келі), асқабақ (150 келі) сатылды.
— Біздің ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында макарон өндіру цехы ашылған болатын. Мұнда күн сайын сұранысқа байланысты 500 келі өнім шығарылады. Макаронның 4 түрі өндіріледі. 1 келі макаронның бағасы — 330 теңге. Аталған цехтың өнімі сұранысқа ие. Аудан орталығымен бірге Ақтөбе қаласына, көршілес Ойыл ауданына да шығарылып жатыр. Қазір Қобдада өнідірілген макарон облыс орталығындағы «Әлия», «Табыс», Орталық базарларда сатылып жатыр,— дейді Күнзия Төлешева.
Бұл күні «Табыс» базарында көшеттер жәрмеңкесі де өтті. Қызығушылық танытып келген тұрғындар қатары көп болды.