Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі кеңес өтті.
Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен несие беру үшін облыс әкімдіктеріне республикалық бюджеттен 87,5 млрд теңге аударылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов мәлімдеді.
«Бас-аяғы 13,4 мың өтінім келіп түсті. Оның жалпы сомасы 78,7 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 9 мыңға жуық адам 51,6 млрд теңге сомасына шағын несие алды. Ең көп өтінім Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарынан келіп түсті. Елді мекендердің экономикалық бағдарын анықтау мақсатында «AMANAT» партиясы сауалнама түрінде әзірлеген скрининг жүргізу жұмысы жалғасуда. Еліміздегі 1 817 ауылда осындай жұмыс жүргізілді», – деді ол.
Сондай-ақ ол алдағы жылдан бастап микро несие беру ережесіне бірқатар өзгеріс енгізілетінін атап өтті. Мәселен, мал сатып алу үшін микро несие беруге «Ауыл аманатының» жылдық бюджетінен 50%-дан аспайтын қаражат қана көзделеді.
«Өңірлерден де өте көп ұсыныс пен бастама келіп түсуде. Мәселен, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін несие беру мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту; бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерімен бағдарламаға қатысушылардың тізбесін толықтыру; ережеде жергілікті бюджет есебінен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу тетігін қарастыру ұсынылуда. Барлық ұсыныс назарға алынды», – деді Бағлан Бекбауов.
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Атырау және Қызылорда облыстарының төмен көрсеткішіне назар аударды. Аталған аймақтарда тек 2 және 18 несие ғана берілді. Вице-премьер өңірлердегі «Ауыл аманаты» жобалық кеңселерінің жұмысын жандандыруды және ауылдарды скринингтен өткізу жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ кеңес жұмысына қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасының кейбір өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпаратты тыңдады. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали өңірде ең көп несие мал шаруашылығы саласында берілгенін мәлімдеді. Яғни, 231 азамат жалпы сомасы 1,4 млрд теңгенің несиесін алды. Ал өсімдік шаруашылығы саласында несие тек 1 ауыл тұрғынына беріліп, оған 2 млн теңге аударылды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі 64 ауылдық округте 75 кооператив құрылғанын айтты. Бұған қоса, 2,4 мың адам жалпы сомасы 14 млрд теңгенің несиесін алды. Оның басым бөлігі, яғни 1381 несие сүт өндіру жобасына бөлінді. Ал ет өндіруге бел буған азаматтарға 736 несие берілді.
Ал, Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаев өңірде мал шаруашылығы саласында 2,8 млрд теңге сомасына 371 микро несие, өсімдік шаруашылығы саласында 192 млн теңгеге 24 микро несие беру жоспарланғанын хабарлады.
«Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларына «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары тікелей көмек көрсетуде. Қаржылық сауаттылық бойынша 80 сарапшы ауылдық елді мекендерде оқыту семинарларын өткізіп жатыр. Бұл ретте, семинарға қатысушылардың басым көпшілігі «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытуда.
«Тұрғындардың табысы төмен, көп мөлшерде несие берешегі бар. Олар «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытып, бизнес-жоспар құруға көмек сұрайды. Статистикаға сәйкес, қатысушылардың 68%-ы – әйелдер. Сондықтан, ауыл әйелдерінің бизнес-бастамаларын қолдауға арналған Кәмшат Дөненбаева атындағы қор құруды ұсынамыз. Бұл қадам ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытумен белсенді айналысуға мүмкіндік береді», – деді «Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева.
Атап айтқанда, спикер сүт өндіру, құлпынай өсіру, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау, мектеп формасын тігу, ешкі сүтінен жасалатын ірімшік өндіру және т.б. бойынша жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясының бірқатар үлгілік жобасын ұсынды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған ауқымды «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бөлінеді.