#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Еңбек нарығындағы өзгеріске дайын болу керек

Заман ағымына, қоғам қажетіне қарай еңбек нарығында өзгерістердің болуы заңды. Мұндайда еңбекке әне-міне араласқалы тұрған жастар сұранысқа сай салада білім алып, тәжірибелі, жұмыста ысылған мамандар біліктілігін шыңдап отырса жақсы.

Бірер күн бұрын елордада өткен халықаралық конференцияда сала басшылары, елдегі және халықаралық сарапшылар еңбек нарығындағы сын-тегеуріндер мен өзгерістерді талқылады.

Конференцияға келген қонақтар жаһандық еңбек нарығының даму үрдістері, сапалы жұмыс орындарын құру және еңбек нарығына бизнес-ортаның әсері жөнінде тұшымды ой-пікір айтты. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру саласымен қатар адам капиталын дамыту жайы назардан тыс қалмады. Басқосуда Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, саладағы толғандырған мәселелерге тоқталды.

– Кейінгі 3 жылда пандемия, эко­номикалық санкциялар, жаһандық сауда жүйесі еңбек нарығының кон­фи­гурациясын өзгертті. Бұл ертеңгі дағдыларға сұранысты қайта қарас­ты­ру­ға себепші болды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын білесіздер. Бүгінгі конференцияда да тұжырымдамада көзделген мәселелерді қарастырамыз. Біз қазір технологиялардың, цифрландырудың және жасанды интеллектінің қарқынды дамуынан халықты жұмыспен қамту­дағы және бизнестегі өзгерістерді бай­қап отырмыз. Сонымен қатар интернет-платформалар тек тренд емес, өз алдына дамып келе жатқан бағытқа ай­налды. Осы сын-тегеуріндердің бар­­лығы дерлік – қазіргі еңбек на­рығын­дағы жаңашылдықтар, – деді Т.Дүйсенова.

Мемлекет басшысының тапсырма­сымен әзірленіп жатқан тұжырым­дама бір ғана емес, бірнеше бағытты қам­тиды екен. Өйткені еңбек нары­ғындағы өзгерістер, жұмыс күші эко­но­микаға әсер етеді. Мұнда жұмыс берушілермен қатар еңбекке қабілетті азаматтардың үйлесімі маңызды. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тұжырымдаманың мән-маңызы туралы айтып берді.

– Біз әлемдік экономикадағы өзге­ріс­терге, технологиялық үдеріске куә болып отырмыз. Еңбек нарығы да осы жаңашылдықтан қалыс қалған жоқ. Кәсіптер жаңарып, жұмысқа қажетті дағдылар күрделеніп жатыр. Соған сай қауіпсіздік стандарттарын жақ­сартуға көбірек көңіл бөлініп отыр. Тұ­жы­рымдаманы әзірлеуге әуелі еңбек нарығында сұраныс пен ұсы­ныс арасындағы теңгерімсіздіктің өсуі себеп болды. Алдағы 5 жылда жұмыс күшіне жыл сайын 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны қажет болады. Сондай-ақ жұмыс орындарын құру қарқыны демографиялық өсімі жоғары халықтың қажеттілігін қам­тамасыз етіп жатқан жоқ. Жаңа жұ­мыс орындарының 87% негізінен төмен және орта өнімді секторларда құ­рылатынын атап өткен жөн, – деді С.Жақыпова.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша нақ қазір елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды көрсетіп отыр. Еңбек нарығында жұмысшыларға әлі де болса сұраныс жоғары. Өйткені бүгінде техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында түлектердің тек 62%-ы жұмысқа орналасады екен. Бұл еңбек нарығында жұмысшыға тәуір жалақы, сапалы жұмыс ұсыну қажет екенін ұқтырады. Тағы бір жайт, жұмысшыларды білік­тілікті арттыру бағдарламаларына тарту жағы да ақсап тұр.

– Адам капиталының дамуы эконо­миканың қажеттіліктерімен тығыз бай­ланысты болуы керек. Үздік халық­аралық тәжірибелерге сәйкес кәсіп­тік бағдар беру балабақшадан басталып, өмір бойы жалғасуы керек. Адам капиталын дамытудың драй­вері кадр­ларды даярлау кезінде эконо­ми­каның нақты қажеттіліктеріне бағыт­тал­ған техникалық және кәсіптік білім болуы керек. Бұл ретте алған білім мен дағ­дылардың өзектілігі Ұлт­тық бі­ліктілік жүйесін дамыту есе­­бі­нен қамтамасыз етіледі, – деді С. Жақыпова.

Конференцияның пленарлық сессиясында БҰҰ-ның елдегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори жаһандық еңбек нарығының негізгі тенденциялары мен сын-тегеу­ріні жөнінде баяндады. Дүниежүзілік мем­лекеттік жұмыспен қамту қызметтері қауым­дастығының атқарушы хатшысы Ева-Мари Моссерэ еңбек нары­ғының тиімді инфрақұрылымын қалыптастырудың халықаралық тәжі­ри­бесі туралы ой қозғады. Ізінше Ғы­лым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форсайттық білім беру жүйесі мен еңбек нарығында бәсе­келестікті шыңдау үшін қажет болатын дағдылар турасында айтып берді. Соның ішінде кейінгі кездері жиі айтылып жүрген жасанды ителлектінің жұмыс орнын шек­те­мей­тінін, керісінше, келешекте оны меңгерген маманға сұраныс жоғары болатынын ескертті. Жоғары білім са­ла­сындағы жаңашылдықтарды қау­зады.

Конференцияда сарапшылар ең­бек нарығындағы өзгерістерді жан-жақты саралады. Келешекте қан­дай жұмыс орындары қажет? Кадр даярлау жағы қалай болады? Еңбек нарығындағы инфрақұрылымның жай-күйі ше? Электронды еңбек биржасы қалай үйлеседі, бәрі-бәрі назардан тыс қал­мады. Бір сөз­бен айтқанда, жыл соңына дейін әзір­леніп, бекітілгелі тұрған Еңбек на­рығын дамытудың 2030 жылға де­йін­гі тұжырымдамасына тұздық бо­лар­лық ой-пікір айтылды.

Соңғы жаңалықтар