«Ауыл» партиясы елді аграрлы-индустриялы державаға айналдыруды көздейді. «СемАЗ» сияқты отандық зауыттардың пайда болуы, техникаларды жинастыруды қолға алуы жақын болашақта өз техникамыздың пайда болуының алғышарты. «СемАЗ» кәсіпорны көпке үлгі. Зауытта еңбек адамы, оның ішінде қоғам қозғаушысы – жұмысшылар табысты еңбек етіп жүр. Біз еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге қол жеткізу үшін күресеміз», деді жиналғандар алдында сөз алған «Ауыл» партиясынан жергілікті мәслихатқа кандидат Серік Байғалиев.
Жиын барысында кандидаттар жұмысшылар сауалына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Кандидаттар «Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге күш салатынын айтты. «Ауыл» партиясының ауылдықтарға ғана емес, қалалықтарға да ұсынатын көптеген бағыты бар екенін атап өтті.
«Қуатты ауыл – елдің сенімді тірегі. Біз азық-түлік нарығынан артық делдалдарды ығыстыруға бар күшімізді саламыз. Фермерлерді ірі сауда орталықтарына мүмкіндігінше жақындатамыз. Партия әкімдер мен мәслихат депутаттарының халық алдындағы дербес жауапкершілігін күшейтеді. Ол үшін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы түбегейлі қайта қарайды. Олар халық алдындағы міндеттерін орындамаған жағдайда ең қатаң жазалау шараларын қолдануға қол жеткізеді», деді кандидаттар.
«Ауыл» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды. Партия төрағасы Әли Бектаев пен Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Дәулеткерей Кәпұлы, Анна Данченко, Аян Зейнуллин, Ілияс Досхожаев Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғындарымен, кәсіпкерлерімен кездесті.
«Ауыл» партиясының делегациясы бірден Махамбет ауданында орналасқан «Сарайшық» ЖШС-ға ат басын тіреп, серіктестік ұжымымен кездесті. Асыл тұқымды ешкі өсірумен айналысатын шаруашылық – осы саладағы өнеркәсіптік типтегі екі ірі кәсіпорынның бірі. Шаруашылықтың түрлі өнім шығаратын өңдеу-шығару орталығы бар. Ферманы «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Тамила Розметова басқарады. Ондаған жыл бұрын қайта құрылып, заманауи қалыпқа келтірілген ферма бүгінде үлкен кешенге айналып отыр.
«Бұл – еңбек адамының нәтижелі жұмысының көрсеткіші. Осындай адамдардың төккен тері мемлекет тарапынан ескеріліп, құрметтеліп отырса, халықтың ауыл шаруашылығына, агробизнеске деген ынтасы артар еді. «Ауыл» партиясының мақсаты – ауыл бизнесін дамытуда жіберілген олқылықтардың орнын толтыру. Біз Парламент Мәжілісіне барғанда бел шеше кірісетін және белсене көтеретін басты мәселеміздің бірі әрі бірегейі – бүгінде құны түсіп, қадірі кеткен еңбек адамына деген құрметті бұрынғы деңгейіне қайтару», деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.
Заманауи технология арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізген ешкі фермасы партия мен оның сайлауалды бағдарламасының құрметіне ешкі сүтінен жасалған, қаптамасына партияның «Ауыл төрге шықсын!» атты бағдарламасы жазылған ірімшіктің жаңа топтамасын шығарды. Ол сол сәттен бастап Атырау облысының бүкіл дүкеніне сатылымға шығарылды.
Атырау облысы – мұнайлы, өнеркәсібі дамыған өлке болуымен қатар ауыл шаруашылығын да алдыңғы орынға шығарған аймақ. Өңір халқының агробизнеске деген қызығушылығы жоғары. Сарайшықта өте қызықты тәжірибе жасалып, өте жақсы нәтижеге қол жеткізген. Мұнда лимон өсіретін және содан ауыз толтырып айтарлықтай табыс табатын жылыжай бар. Мұны шағын шаруашылықтар үшін нәтижелі тәжірибе ретінде таратуға әбден болады.
«Ауыл» партиясына Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Николай Арсютин, Қайрат Айтуғанов, Жигули Дайрабаев, Аян Зейнуллин және түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидаттар Павлодар қаласында «Локомотив жөндеу зауыты» мен «Андас Agro» ЖШС жұмысшыларымен кездесті.
«Елімізде қарапайым жұмысшыны құрметтеу деген түсінік бүгінде құнсызданып кетті. «Адамды адам еткен – еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде біз нағыз еңбек адамы деп кімді бағалап жүрміз? Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы. Біздіңше, еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін, табысын маңдай терімен табатын адал жан. Таң атқаннан күн батқанға дейін тыным таппай тер төгетін жұмысшы қауымы мына сіздер. Жаздың шіліңгір ыстығы мен қыстың қақаған аязында ашық аспан астында бел жазбай еңбек ететін шаруалар. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын бағалау жетіспейді. Қызметіне адал жұмысшы кез келген салада болуы керек. Себебі, еңбек адамы әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегіне айналуға тиіс. «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге қол жеткізу керектігі тайға таңба басқандай анық жазылған. Партияның мақсаты – қарапайым еңбек адамының мәртебесін қайтару. Бұл мәселе сіз бен біз тізе біріктіргенде ғана қолға алынады. Ондаған жыл бойы сіресіп қатқан сеңнің көбесі сіздердің қолдауларыңызбен Мәжіліске барғанда ғана сөгіледі», деді кәсіпорын жұмысшылары алдында сөз алған кандидат Жигули Дайрабаев.
«Андас Agro» ЖШС жұмысшы ұжымымен кездесуде Николай Арсютин: «Ауыл» партиясының негізгі мақсаттарының бірі – еңбек адамының қадірін арттырып, мәртебесін көтеру. Сондай-ақ оларға ауыл шаруашылығы өндірушілері ретінде артықшылықтар бере отырып, «ел асыраушысын» қастерлеуді қалыптастыру», деді.