Еңбек күніне арналған форум аясында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайынғы «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, «Атамекен» ҰКП, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік әріптестер, еңбек ардагерлері мен конкурс жеңімпаздары қатысты.
Форум қатысушыларына Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ тақырыптық екі сессия өткізілді.
«Менің жетістігім – менің нәтижем» сессиясы аясында «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегерлері Ұзақбай Қарабалин, Мұрат Қайыргелдин мен Мұхтар Төлеутаевтар жоғары оқу орындары мен ТжКБ ұйымдарының студенттері және жұмыс істейтін жастармен сұрақ-жауап форматында кездесу өткізіп, өздерінің кәсіби жетістіктері туралы әңгімеледі.
«Еңбек нарығы. Болашақ мамандықтар» сессиясында жаһандық трендтер, ағымдағы сын-қатерлер және экономика мен еңбек нарығындағы болып жатқан өзгерістер талқыланды. Спикерлер қатысушыларға еңбек нарығының жай-күйі, келешекте сұранысқа ие және пайда болатын жаңа мамандықтар туралы хабарлады.
Форумның шарықтау шегі «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова құттықтау сөзінде іс-шара қатысушыларына табыс тілеп, жылы лебізін білдірді.
«Еңбек күні қарсаңындағы кездесулеріміз жақсы дәстүрге айналды. Біз бұл жиынға байқау жеңімпаздарын құттықтау үшін ғана емес, сонымен қатар еңбек адамына: құрылысшы мен энергетикке, диқаншы мен мал өсірушіге, ұшқыш пен теміржолшыға, аспазшы мен бағбанға; емдейтін және өмірге арашаға түсетін, балаларымызды оқытатын және тәрбиелейтін, үйлерімізді жылытатын, ұйқымызды қорғайтын және сақтайтын адамдарға; күнделікті қажырлы, әрі күрделі еңбегімен біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы жазылатын 9 миллион қазақстандыққа алғыс айту және құрмет білдіру үшін жиналамыз.
Сіздердің бұл еңбектеріңіз ел экономикасының биылғы 8 айда 4,9% — ға және өндіріс көлемінің 3,1% — ға өсуін қамтамасыз етті.
Атап айтар болсақ, 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 12 мектеп салынды. 110 мектеп, мүгедектерге арналған 6 оңалту орталығы, 220 спорт ғимараты салынуда. 6,4 мың шақырым автожол салынды және қайта жаңартылды», – деді Тамара Дүйсенова.
Өз сөзінде ол сондай-ақ Мемлекет басшысының еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жастарды даярлау үшін жағдай жасауға, еңбек ресурстарын сақтауға, қауіпсіз еңбек ортасын құруға бағытталған тапсырмаларын іске асыру бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы хабардар етті.
Премьер-Министрдің орынбасары «Қазақстанның Еңбек ері» құрметті атағының иегерлері мен марапаттау рәсіміне қатысқан еңбек ардагерлерінің, сондай-ақ «Еңбек жолы» байқауының барлық жеңімпаздарының Қазақстанның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
«Құрметті қонақтар және қатысушылар! Барлықтарыңызды өз кәсіптеріңізге деген сүйіспеншілік пен жұмыстағы жоғары жетістіктер ғана емес, сонымен қатар жас мамандарға көмектесуге, жинақталған кәсіби және өмірлік тәжірибелермен бөлісуге деген ұмтылыс біріктіреді.
Баршаңызға: бүгінгі іс-шараның ардагерлеріне, лауреаттары мен қонақтарына денсаулық, сарқылмас қуат, амандық және Отанымыздың – Қазақстан Республикасының игілігі үшін жасампаз еңбек тілеймін!» – деді Тамара Дуйсенова.
Премьер-Министрдің орынбасары төрт еңбек ардагерін «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады: Базарбай Қарағаев – «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ агрохимигі, Ақмола облысы, 68 жаста; Гүлжан Мершенова – «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ отбасылық медицина кафедрасының профессоры, Қарағанды облысы, 67 жаста; Абай Шангитбаев – «Электр энергиясы және қуат нарығының қазақстандық операторы» АҚ аналитика және жобаларды басқару департаментінің директоры, Астана қаласы, 58 жаста; Лидия Роот – Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ бөлме-тазалықшысы, 60 жаста.
Бұрын хабарланғандай, «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын екі кезеңде, атап айтқанда өңірлік және республикалық деңгейлерде үш номинация бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, өте тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; «Өндіріс үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор жұмыскері таңдалады.
Биыл жергілікті атқарушы органдар конкурсқа қатысу үшін 591 өтінім қабылдады. Олар: «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша – 143 өтінім, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша – 215 өтінім, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша – 233 өтінім.
Конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері орынбасарлары төрағалық ететін комиссиялар анықтады. Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын Еңбек министрлігі жанындағы комиссия анықтады. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР ЕХӘҚМ, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ және әлеуметтік әріптестер өкілдері бар.
«Еңбек жолы»-2023 байқауының жеңімпаздары:
«Үздік еңбек әулеті» номинациясында: 1 орын – Амангелдиновтар әулеті – «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Көпфункционалды даму орталығы», Астана қ. 2 орын-Аушиновтар әулеті – «Казцинк» ЖШС Риддер тау-кен металлургия кешені, ШҚО. 3 орын – Сейтжановтар әулеті – «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, Павлодар облысы.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында: 1 орын – Нұрқаси Абатов – м. ғ. к., профессор «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ клиникасының бас хирургі, Қарағанды облысы, 61 жаста. 2 орын – Құндызбек Нукишев – «RG GOLD» ЖШС сілтісіздендіру учаскесінің шебері, Ақмола облысы, 59 жаста. 3 орын – Людмила Муровцева – «КазАзот» ЖШС Сынақ орталығының бастығы, Маңғыстау облысы, 58 жаста.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында: 1 орын – Әйгерім Ағатанова – «Восток Бройлер» ЖШС бас ветеринар дәрігері, Абай облысы, 26 жаста. 2 орын – Анатолий Исмагулов – республикалық орталық Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері штабының өрт сөндірушісі, Қостанай облысы, 21 жаста. 3 орын – Әлібек Уатаев – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ құрастыру-механикалық цехының шебері, СҚО, 26 жаста.
Әр номинация бойынша байқау жеңімпаздарына ақшалай және бағалы сыйлықтар берілді. Бірінші орынға 1 млн теңге сомасындағы сертификат пен ноутбук, екінші орын игерлеріне – 700 мың теңге және iPhone, үшінші орын жеңімпаздарына – 500 мың теңге және iPad табысталды.
Еңбек ардагерлеріне медальдармен қоса 500 мың теңге сомасында сертификаттар мен картиналар табыс етілді.