#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Елордада халықаралық сарапшылар еңбек нарығының сын-тегеуріндері мен перспективаларын талқылауда

Елордада «Өзгеріс дәуіріндегі еңбек нарығы: сын-тегеуріндер, жаңартулар және перспективалар» атты халықаралық конференция өтті.

Онда отандық және шетелдік сарапшылар әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, жаһандық еңбек нарығының даму үрдістерін, сапалы жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін және оларға бизнес-ортаның әсерін, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы қажетті өзгерістерді, сондай-ақ әлемде адами капиталды дамыту мәселелері талқыланады.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, 15-тен астам елдің халықаралық деңгейдегі сарапшылары, сонымен қатар қазақстандық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының, консалтингтік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың, ірі отандық және шетелдік кәсіпорындардың өкілдері қатысуда.

Конференция жұмысын ашқан Тамара Дүйсенова бүгінде әлемдік еңбек нарығы жаңа жаһандық үрдістер мен сын-тегеуріндерге тап болғанын атап өтті.

«Біріншіден, біз технологиялардың, цифрландырудың және жасанды интеллектінің қарқынды дамуы әсерінен халықты жұмыспен қамтуда және де бизнесте өзгерістерді байқаудамыз.

Екіншіден, платформалық жұмысқа қызығушылық жыл сайын артып келеді. Интернет-платформалар тек тренд емес, ол қарқынды дамып келе жатқан бағытқа айналды.

Үшіншіден, жаңа технологияларды енгізу жаңа құзыреттер мен дағдыларды дамытуға ықпал ететін болады. Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары жүргізген «Жұмыс орындарының болашағы» зерттеуінің деректеріне сәйкес, аналитикалық ойлау 2023-2027 жылдары дағдыларды оқытудағы ең жоғары басымдық болады.

Осы жаңа сын-тегеуріндердің барлығы – қазіргі еңбек нарығының бейнесі. Сондықтан, бұл конференция сарапшылар, ірі жұмыс берушілер мен үкіметтік құрылымдар арасындағы болашақ еңбек нарығын талқылау, сын-тегеуріндерді түсініп, оларға жауап іздеу, экономикалық тұрғыдан мықты және әлеуметтік жауапты мемлекет құру үшін жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін маңызды алаң болады деп санаймын», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Ол сондай-ақ Қазақстан жаһандық сын-тегеуріндер мен үрдістерді ескере отырып, өз саясатын белсенді түрде қалыптастырып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірленді.

«Оны іске асырудың мақсаты экономиканың, әлеуметтік тұрақтылық пен елдің дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның тұрақты еңбек нарығын қалыптастыру болмақ.

Тұжырымдама жобасына енген бастамалар қазақстандықтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері адами капитал мен еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытумен тығыз байланысты экономиканы индустрияландыру болады», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Өз кезегінде Еңбекминінің басшысы Светлана Жақыпова Тұжырымдаманың негізгі новеллаларына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

«Тұжырымдаманы әзірлеуіміздің негізгі себебі – бірінші кезекте қазақстандық еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздіктің өсуі. Алдағы 5 жылда жұмыс күшіне жыл сайын 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны қажет болады. Сондай-ақ, жұмыс орындарын құру қарқыны өсіп келе жатқан халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етпеуде. Жаңа жұмыс орындарының 87%-ы негізінен төмен және орта өнімді секторларда құрылатынын атап өткен жөн», – деді ол.

Екінші, ұтқырлық пен цифрландыру еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістерге алып келеді. Дәстүрлі жұмыспен қамтудан еркін табыс экономикасына біртіндеп көшу жүріп жатыр. Платформада жұмыс істейтіндердің саны артып келеді.

Үшіншіден, дағдылар қазақстандық еңбек нарығының болашағы үшін шешуші мәнге ие. Экономика орта білікті мамандарға сұраныс тудырады. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі – ТжКБ) ұйымдары түлектерінің тек 62% — ы ғана жұмысқа орналасады.

Жұмысшы мамандықтардағы кадрлардың нақты қажеттілігіне қарамастан, жоғары білімі бар кадрлардың көптігі байқалады. Тағы бір мәселе – жұмыскерлерді біліктілікті арттыру бағдарламаларымен қамту үлесінің төмендігі.

«Біздің алдымызда қарапайым жұмыс орындарын құрудан лайықты жалақысы бар сапалы жұмыспен қамтуға көшу міндеті тұр. Бұл ретте жұмыс орындары сапасының критерийлері келесідей айқындалатын болады: өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес жалақы деңгейі; тұрақты жұмыс орны (кемінде 6 ай); әлеуметтік жеңілдіктердің болуы; жұмыс ортасының қауіпсіздігі.

Еңбек нарығы экономикалық даму мен білім беру жүйесі сәйкестендірілгенде ғана жүзеге асатындықтан, Тұжырымдама аясында сұранысты (экономика және жұмыс орындары) да, еңбек нарығындағы ұсынысты да (адами капиталды дамыту) ынталандыру бойынша стратегиялық шаралар ұсынылады», – деді Светлана Жақыпова.

Министрдің айтуынша, өңірлердің демографиялық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, басым салалар мен сапалы жұмыс орындарын құру бағыттарын анықтай отырып, дамудың өңірлік тәсілі арқылы еңбек нарығындағы сұранысты ынталандыру ұсынылып отыр.

«Адами капиталдың дамуы экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысты болуы керек. Бұл ретте өңірлердегі білім берудің әрбір деңгейінде дайындық оның экономикалық ерекшелігіне қарай жүзеге асырылады.

Үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес кәсіптік бағдар беру балабақшадан басталып, өмір бойы жалғасуы керек.

Адами капиталды дамытудың драйвері кадрларды даярлау кезінде экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған техникалық және кәсіптік білім болуы керек.

Бұл ретте алынған білім мен дағдылардың өзектілігі Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз етіледі», – деп толықтырды Светлана Жақыпова.

ЕХӘҚМ басшысы сондай-ақ еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. Негізгі критерийлер ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру болады.

«Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіру мен өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Министр.

Министр сөз соңында ұсынылған тәсілдерді іске асыру қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізу күтілетінін айтты: сапалы жұмыс орындарының санын 2,1 млн-нан немесе 2023 жылы жұмыспен қамтудың жалпы құрылымындағы барлық жұмыс орындарының 32 пайызынан 3,6 млн-ға немесе 2030 жылға қарай 45 пайызға дейін ұлғайту. Сапалы жұмыс орындарының орташа жылдық өсу қарқыны 8 пайызды құрайды, ал 1,5 млн адам табысын медианалық жалақыдан жоғары деңгейге көтереді.

Сондай-ақ, конференцияның пленарлық сессиясы барысында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори жаһандық еңбек нарығының негізгі тенденциялары мен сын-тегеуріндері туралы баяндады. Дүниежүзілік мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтері қауымдастығының атқарушы хатшысы Ева-Мари Моссерэ еңбек нарығының тиімді инфрақұрылымын қалыптастырудың халықаралық тәжірибесімен бөлісті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форсайттық білім беру жүйелері мен еңбек нарығында бәсекелестік үшін қажетті дағдылар туралы хабардар етті. Халықаралық еңбек ұйымының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі сарапшысы Казутоши Чатани «Әлемдік жұмыспен қамту және әлеуметтік перспективалар: 2023 жылдың үрдістері» атты баяндама жасады.

Күні бойы конференция аясында «Сапалы жұмыс орындарын құру», «Білімге инвестиция: экономика үшін дағдылар мен құзыреттер» және «Еңбек нарығының инфрақұрылымы: сұраныс пен ұсынысты байланыстыру» атты үш тақырыптық сессия өтеді

Біріншісінде жұмыс орындарының сапасына әсер ететін негізгі факторлар, оларды құру үшін мүмкін болатын шаралар және мемлекеттің осы үдерісіндегі рөлі талқыланады. Екінші сессияда сарапшылар экономика қажеттіліктері үшін ТжКБ сапасын арттыру мәселелерін, кадрларды қайта даярлау тәсілдерін, сондай-ақ адами капиталды дамытудың негізгі басымдықтарын қарайды. Үшінші сессия цифрландыру мен жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсерін, сондай-ақ заманауи технологиялар мен стратегияларды енгізу арқылы мамандар мен бизнесті дамыту перспективаларын талқылауға арналады.

Соңғы жаңалықтар