Шеруге қатысушылар әйелдерге ел басқаруға қатысу мүмкіндігін беруді талап етуде, деп жазады ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы РИА Новостиге шеруге қатысушылардың бірі хабарлады.
Оның айтуынша, наразы топ Гор провинциясында жүктіліктің сегізінші айында өлтірілген түрме қызметкері Негар Масумидің портреті бар плакаттарды көтерген. Талибан өкілі Масумидің өліміне содырлардың қатысы жоқ екенін айтқан.
Сонымен қатар шеруге қатысушылар әйелдерге ел басқаруға қатысу мүмкіндігін беруді талап етіп отыр. Уақытша үкіметтің құрамын бір күн бұрын жариялаған тәлібтер болса, мұндай мүмкіндікті жоққа шығарды.
«Министрлер кабинеті әйелдердің қатысуынсыз толық болмайды. Ешқандай үкімет әйелдерді шеттете алмайды. Әйелдердің құқығын назардан тыс қалдыруға болмайды», дейді олар.
Агенттіктің жазуынша, Талибан Кабулдың батысындағы Даште-Барчи аймағынан басталған шеруге кедергі жасауға тырысып жатыр. Наразылық білдірушілерге күш қолдану туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ.