Түркістан облысында карантиндік талаптарды күшейту мақсатында ашық базарлардың жексенбі, ал жабық базарлардың сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынды. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов брифингте мәлімдеді.
Облыстың бас санитариялық дәрігерінің Қаулысы бойынша, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін облыс аумағында карантин мен шектеу шаралары қатаңдатылады.
«Қаулы негізінде бұқаралық және отбасылық, сондай-ақ, көпшілік жиналатын өзгеде іс-шараларды, оның ішінде тұрғылықты мекен жайы бойынша (үйде) өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық нысандарының (түнгі ойын клубтары, караоке, букмекер кеңселер, жабық үй жайлардағы балалар ойын алаңдары, батут мен аттракциондар) қызметі уақытша тоқтайды. «Ashyq» жобасына қатыспаған нысандар: мәдениет үйлері, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар, облысаралық тұрақты емес (туристік) тасымалдар, аудандық, қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар, бильярд, компьютерлік клубтар боулинг, цирктер, банкет залдары қызметіне тыйым салынады», — деді Асқар Ысқақов.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды және күшейтілген дезинфекциялық режимді сақтай отырып, келесі объектілердің қызметіне рұқсат етіледі: сауда нысандарының, оның ішінде пісірілген өнімдерді, фастфудты, жұмсақ балмұздақты, сусындарды сату дүңгіршектерінің қызметі күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін; қызмет көрсету саласының қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор органдары, ұлттық компаниялар, вахталық қызметкерлер, ірі ұйымдасқан ұжымдарда штаттық кестеге сәйкес, қызметкерлердің кемінде 80%-ы қашықтықтан, ал 20%-ы күндізгі режимде жұмыс атқарады. COVID-19-ға қарсы толық вакцинация курсын алған және соңғы 3 айда COVID-19 ауруына шалдыққан барлық қызметкерлерге мекемеде жұмыс атқаруға рұқсат етіледі.