#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

«Қазақстан Барысы» онлайн қаралым жағынан рекорд орнатпақ

10-шы "Қазақстан Барысы" ұлттық спорт тарихында көрерменсіз өткенімен есте қалды.

10-шы «Қазақстан Барысы» ұлттық спорт тарихында көрерменсіз өткенімен есте қалды. Сонымен қатар, биылғы дода жаңа балуанның жұлдызын жағып, турнир жылнамасын жаңа есіммен жаңғыртты. Бұл есім — Дәурен Нұралинов, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Карантин талаптарының күшеюіне байланысты, Жекпе-жек сарайына бірде-бір көрермен кіргізілмеді. Жанкүйерлер мен спортсүйер қауым Qazaqstan және Qazsport телеарналарында турнирді тікелей эфирде көруіне жағдай жасалды. Одан бөлек, ұйымдастырушылар жарысты көріп қана қоймай, қызықты тұстарды қайта қарауға, жазып алуға мүмкіндік беретін «TV+» платформасын ұсынады. Жыл сайын турнирді 9 мыңнан астам көрермен залда отырып тамашаласа, 8 миллион адам онлайн форматта телеарналар арқылы тамашалап келеді. Ал биылғы онлайн формат телекөрермендер қатарын күрт арттырғаны анық.

Биылғы бақ сынайтын балуандар саны 37, оның ішінде 11-і мұндай деңгейдегі додаға алғаш қатысқалы отыр. Ал үш үміткер керісінше, белдесуде белсенді тәжірибе жинақтаған чемпиондар: «Қазақстан Барысының» 2 дүркін жеңімпазы- Айбек Нұғымаров, «Қазақстан Барысы-2014» атағы бар Шығыс Қазақстандық Мұхит Тұрсынов және 2017 жылғы жеңімпаз — Қызылордалық Еламан Ерғалиев бозкілемге қайта шығып, чемпион атағын ақтап алуға тырысып бақты. Дегенмен осы саладағы жаңадан енген жас үміткерлер осал емес екендігін дәлелдеп, оқ бойы озық шықты.

Соның ішінде «Шығыс Арланы» деген лақап атты иемденген 28 жастағы Дәурен Нұралинов жарыстың бар кезеңінен сүрінбей өтіп, шешуші финалда жамбылдық қарсыласы Ғалымжан Қырықбаймен белдесіп, негізгі уақытты бір-бір бүк ұпаймен бітіріп, тең түсті. Жеңімпазды анықтау үшін берілетін «Белдесу» бөлімі алтын белбеу мен 25 миллион теңгенің иесін анықтауға тырысады. Дегенмен қос балуанның ойыны «белдесуде» ұзаққа созылмады. Алғашқы 4 секунд жеңімпазды жария етуге жеткілікті болды. Ширақ қимылдаған Дәурен Нұралинов қарсыласын «таза жеңіспен» жығып, «Қазақстан Барысы» атағын «жұлып» алды.

Сәйкесінше, екінші орынды және күміс белдікпен 5,5 млиллион теңгені Ғалымжан Қырықбай қанжығасына байлады. Ал үшінші орын қола жүлде мен 1,8 млиллион теңгені Нұрдәулет Жарылғапов місе тұтты. 6 сағатқа созылған, дүбірлі доданың нәтижесі осындай.

«Qazaq kuresi» қауымдастығының бас хатшысы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, «Ең басты түйін «Карантин және оның шектеулері ұйымдастырушыларды әбден пісірді. Эпиджағдайдың ушығуынан туындаған форс-мажор кезеңінде де «Қазақстан Барысы» секілді ірі спорттық іс-шараларды өткізе алуы және оны игеруі біз үшін маңызды дейді», — ол.

«Сонымен қатар, Қазақстанда ұлттық күрес танымалдылығы үнемі өсіп келеді — және соның нәтижесінде «Қазақстан Барысы» жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің хроникаларында жаңа есімдер пайда болады», — деген сенімде Қ. Есекеев.

«Қазақстан Барысы» — ұлттың қанында жатқан етене жақын спорт өнерін қайта жаңғыртып, ата-бабаның қаһармандық рухы мен жауынгерлік шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп келеді. Айта кету керек, ұлттық спорт өнері жыл сайын ауқымын және деңгейін арттырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар