Түркістан облысы, Шардара қаласында «Шардара Армспорт vs Әлем құрамасы» арасындағы жекпе-жек кездесу өтті. Бес әлем чемпионы мен әлем мықтыларының арасында қол күрестен жекпе-жек кездесуде Ресей, Грузия, Латвия, Украина, Өзбекстан елдерінен келген Әлем, Еуропа, Азия чемпиондары бақ сынады.
Әлем назарын аударған жекпе-жектің алғашқы кездесуі 57 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген шардаралық Нұрмахан Ердаулет пен ресейлік Ахмат Айбазов арасында өтті. 5 раундық жекпе-жекте 5:0 есебімен қазақ балуаны жеңіске жетті.
70 келі салмақта «Shardara.Armsport» клубының спортшысы Қадір Нұрдаулет, грузиялық спортшы Вилени Габраваны өте тартысты әрі қызықты өткен сайыста 4:1 есебімен жеңіп, Қазақ елінің намысын абыроймен қорғады. Ал, 78 келі салмақта бақ сынаған «Shardara.Armsport» клубының спортшысы Айдархан Нұрдаулет, украиналық қарсыласы Роман Мантиканы 5:0 есебімен жеңіп, «Shardara.Armsport» құрамасының еншісіне тағы бір жеңіс сыйлады.
Кіл мықтылар арасында өткен жекпе-жекте 86 келі салмақта «Шардара Армспорт» құрамасының спортшысы, әлемге «ең жылдам» атымен танымал болған Талғат Ақтаев, латвиялық спортшы Владислав Красовскийге қарсы бақ сынады. 5 раундтық жекпе-жектің нәтижесі бойынша 4:1 есебімен Талғат Ақтаев жеңіске жетіп, өз мықтылығын тағы бір мойындатты.
Соңғы жұп осы сайыстың ең ауыр салмағы 95 келіде «Шардара Армспорт» құрамасының сапынан Қаржау Есболат бақ сынап, Өзбекстан елінің спортшысы Жасур Алиакбаровқа қарсы өткен 5 раундтық жекпе-жекте 4:1 есебімен Өзбекстан спортшысын тізе бүктірді.
«Шардара Армспорт vs Әлем құрамасы» арасындағы жекпе-жек кездесуінде, жалпы командалық есепте 5:0 есебімен «Шардара Армспорт» құрамасы жеңіске жетіп, Қазақ елінің абыройын асқақтатты. Айта кетейік, шардаралық спортшылар алдағы уақытта «Шардара VS Азия», «Шардара VS Еуропа» жарыстарын өткізуді де жоспарлап отыр.