Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Президентке мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің пилоттық режимінің жүзеге асырылуы жөнінде баяндалды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталған пилоттық жобаға 2018 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, бірқатар өңірдің әкімдіктері қатысты. Жүргізілген тәжірибенің нәтижесінде жобаға қатысушы мемлекеттік органдарда кадрлардың алмасуы 4,9 пайыздан 3,5 пайызға дейін азайып, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы арта түсті (конкурс 1 орынға 3,4 есеге артты), орталықта және аймақтарда еңбекақы төлеу алшақтығы 70 пайыздан 16 пайызға дейін қысқарды.
«Мемлекет басшысы аталған жобаны жергілікті атқарушы органдарда сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдарда ауқымды түрде жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің санын кезең-кезеңімен қысқарту және мемлекеттік аппараттың ұйымдық құрылымын оңтайландыру жұмыстарын жалғастыру керек. Президент құрылымды қайта өзгерту нәтижесінде үнемделген қаржыны еңбекақы көлемін арттыруға бағыттау маңызды деп санайды», — делінген хабарламада.