Қырғызстанда 12 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған әйел ұсталды. Ол Нұр-Сұлтанда бұрын банк қызметкері болып жұмыс істеген. 5 жыл іздеуде болған, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйел 2016 жылы алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, қашып кеткен. Ол өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, сенімге кіру, алдау арқылы алаяқтық жолмен қомақты қаржыны иеленген.
«Бішкекте полиция департаменті қызметкерлері 2016 жылдан бері іздеуде жүрген 46 жастағы әйелді ұстады. Ол Нұр-Сұлтан тұрғыны. Әйел елорда аумағында алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, клиенттің сеніміне кіріп, жалпы сомасы 12 миллион теңге болатын ақшаны иемденген. Қылмыстық істі қарау барысында айыпталушы тергеу органдарынан қашып кеткен», — делінген хабарламада.
Қазір күдікті Бішкекте уақытша ұстау изоляторына қамалды. Минск конвенциясына сәйкес оны Қазақстанға экстрадициялау туралы мәселе қаралып жатыр.
Нұр-Сұлтан полициясының мәліметіне сүйенсек, елордада «құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткен. Шара барысында 154 қылмыс тіркелді. Оның 114-і ашылды, сондай-ақ бұрын жасалған 78 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 26 қылмыскер ұсталды.
«Жедел алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері бұрын ірі ұрлық жасаған күдіктіні ұстады. 26 жастағы ер адам түнгі уақытта құрылыс нысанынан құны 3,5 миллион теңгеге жуық 500 темір құрылғыны ұрлап кеткен. Металл қабылдау пункттерін тексеру кезінде жедел уәкілдер күдікті тізгіндеген көліктің маркасын анықтады. Ол бейнебақылау камераларындағы жазба арқылы табылған. Ер адам ұрлық жасағанын мойындады, қылмыстық іс қозғалды», — деді ведомство өкілдері.
Профилактикалық шара басталғаннан бері сегіз мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 748 ұсақ бұзақылық, 600-ге жуық қала тыныштығын бұзу, мыңнан аса ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру дерегі анықталды. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 51 жүргізуші ұсталды. Учаскелік инспекторлар 3 мыңға жуық қараусыз қалған үйлер мен төрт мыңға жуық саяжай құрылыстарын аралап шықты.