2021 жылдың қаңтар айының өзінде ғана елімізде 3 мыңнан астам кибер шабуыл жасалған. Бұл 2020 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе көп, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекетік бағдарламасы да азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, халықты жеке деректерін қорғай білуге тәрбиелейді. Аталған бағдарлама бойынша 2018-2022 жылдар аралығында халықтың цифрлық сауаттылығы 83 пайызға дейін артуы тиіс. 2019 жылы бұл көрсеткіш 82,1 пайызды құрапты. Мұндай көрсеткішпен еліміз БҰҰ-ның киберқауіпсіздік рейтингінде 40-орынға ие.
Ranking.kz дерегі бойынша, қаңтар айында жасалған 3 мыңнан астам кибер шабуылдардың 2,7 мыңы ботнеттерге тиесілі. Яғни, зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі арқылы компьютерлерге зиян келтіріледі. Ботнет фактісі бір жыл ішінде үш есе өсіп шыға келген. Құрылғыны интернетсіз қалдырудың 176 дерегі тіркеліпті. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда 69 пайызға көп. Фишинг, яғни, қазақстандықтардың жеке дерегін ұрлау бойынша 43 жағдай тіркелген.